Тазару күні: табиғатты аялау – болашаққа қамқорлық

Ақтоты Жапатова 23 мар. 2025 19:45 1341

Қонаев қаласында "Тазару күніне" орай экологиялық акция өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Наурыз – табиғаттың жаңару, жаңғыру кезеңі, адамдардың бірлігі мен ынтымағының мерекесі. Бұл ежелден келе жатқан мейрам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен былтырдан бастап жаңа форматта тойлануда. Он күнге созылатын «Наурызнама» тұжырымдамасы бұл мейрамға терең мағына беріп, оның ұлттық мәнін арттыра түсті.

Бүгін, 23 наурыз – Тазару күні, қоршаған ортаның тазалығына және адамның ішкі жан дүниесінің үйлесімділігіне арналады. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде сенбіліктер, экологиялық акциялар мен табиғатты қорғау шаралары өтуде.

Бұл игі бастамадан облыс орталығы – Қонаев қаласының тұрғындары да шет қалмады. Белсенділердің, қоғамдық ұйымдардың және мекеме қызметкерлерінің бастамасымен кең ауқымды санитарлық тазарту акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Акция барысында «Жасыл қала Қонаев» ұйымы басшысының орынбасары Асхат Сарсембекұлы мұндай бастамалардың тек тазалықты сақтауға ғана емес, қоғамда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруға да септігін тигізетінін атап өтті.

Облыс көлемінде өткен акцияның нәтижелері:

  • 7635 адам сенбілікке қатысты;
  • 152,5 тонна қоқыс шығарылды;
  • 21 арнайы техника жұмылдырылды;
  • 1040 ағаш отырғызылды.

Бұл көрсеткіштер тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері айналамызды таза әрі көрікті ете алатынын айқын дәлелдейді. Тазару күні табиғатқа деген жанашырлықтың маңыздылығын еске салады. Өйткені ауламыздың, көшелеріміздің, саябақтарымыздың тазалығы – тек жайлылықтың ғана емес, қоғам мәдениетінің де көрсеткіші.

Наурыз әр шаңыраққа татулық, жақсылық пен амандық әкелсін!


Рекомендовать
Последние новости