Елімізде этностар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың тиімді платформасы қалыптасқан

Азамат Қойшығара 22 мар. 2025 09:55 1896

Қазақстан расында әлемдегі санаулы көпұлтты мемлекеттердің бірі. Еліміздің аумағында 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл бейбітшілік пен тұрақтылық – саналы саясаттың, тарихи сабақтастықтың және ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамытудың нәтижесі деп білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтатындай, ұлтаралық келісім – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі.

Қазақстанның көпұлтты болуының негізгі бірнеше себебі бар. Мұны ең алдымен әуелдегі көшпелі өркениетімізбен байланыстыруымыз керек. Қазақ халқы ертеден-ақ түрлі ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнатып, бейбіт те бітімгершілікпен қатар өмір сүру дәстүрін қалыптастырған.

Содан кейін Ресей империясының отарлау саясатын еске алайық, бәріміз білетіндей, XVIII-XIX ғасырларда әртүрлі ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аудара бастады. Бұл кезеңде әскери бекіністердің салынуы және шаруалардың жаппай көші-қоны маңызды рөл атқарды.

Кеңес үкіметінің депортациялық саясатын да назардан тыс қалдыра алмаймыз, 1930-1950 жылдары КСРО-ның түрлі аймақтарынан (шешендер, ингуштар, кәрістер, немістер, поляктар және т.б.) халықтар күштеп көшірілді. 1937-1949 жылдары Кеңес өкіметінің өңірлерінен Қазақстанға 1,5 миллионнан астам адам қоныс аударды.

Тың игеру кезеңінде де, яғни 1950-1960 жылдары Қазақстанға миллиондаған адам (негізінен орыстар, украиндар, белорустар) көшіп келді. 1954-1965 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Қазақстанға 2 миллионнан астам славян халықтары қосылды.

Осындай тарихи оқиғалардың нәтижесінде Қазақстан көпэтносты елге айналды. 1991 жылдан кейін көптеген этностардың тарихи отанына оралу үдерісі басталды. Мысалы, немістердің 80 пайызы Германияға көшті, бірақ Қазақстанда әлі де 180 мыңнан астам неміс қауымдастығы бар.

Ал еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл бағыттағы негізгі қағидаларды атап өткен жөн. Бұл орайда, тілімізге ең алдымен Конституциялық негіздер оралады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. 14-бапта ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқықтары бар екені бекітілген.

Содан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА), 1995 жылы құрылған бұл институт этносаралық қатынастарды үйлестіру мен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Оның құрамында 500-ден астам этномәдени бірлестік бар. 2015 жылы ҚХА-ға Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілді. ҚХА этносаралық саясаттың негізгі үйлестірушісі ретінде халықтар достығын нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.

Тіл саясаты – Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғанымен, орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады, сондай-ақ басқа этностардың тілдерін дамытуға жағдай жасалған. Ел аумағындағы 88 мектепте 7 түрлі этностың ана тілі оқытылады (өзбек, ұйғыр, тәжік, украин, татар, неміс, поляк). 108 мектепте оқу толығымен өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде жүргізіледі. 170-тен астам жексенбілік мектептер этностардың тілдерін дамытуға жағдай жасайды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие.

Діни толеранттылықтың арқасында да елімізде түрлі дін өкілдері бейбіт өмір сүруде. Мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді. Қазақстанда 3,800-ден астам діни бірлестік тіркелген. 2003 жылдан бері елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты түрде өтуде.

Білім беру және мәдениет саласындағы қолдау – этностық топтардың тілі мен мәдениетін сақтау мақсатында ұлттық мектептер, жексенбілік мектептер, мәдени орталықтар жұмыс істейді.

Ұлтаралық татулық – ел дамуының маңызды факторы. Оның қоғамға тигізетін негізгі әсерлері мынадай:

  • Әлеуметтік тұрақтылық – этносаралық қақтығыстар болмаған жерде бейбіт өмір орнайды.
  • Экономикалық өсу – тұрақты мемлекетке инвестициялар көбірек тартылады.
  • Мәдени алуандық – көпұлтты қоғам жаңа идеялар мен инновацияларға жол ашады.
  • Халықаралық бедел – Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы тәжірибесі әлем елдеріне үлгі.

Қазақстанда ұлтаралық келісім – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі дедік. Елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін әрбір азамат толеранттылық пен өзара құрмет қағидаларын ұстануы қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік саясат және қоғамдық келісім институттары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып келеді. "Бірлік бар жерде – тірлік бар" деген халық даналығы біздің көпұлтты мемлекетіміздің басты ұстанымы болуы тиіс.

Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Ұлтаралық келісім – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуындағы басты факторлардың біріне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мен ұлттық саясаттың арқасында еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімнің өзіндік моделін қалыптастыра алды.

Белгілі ғалым, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің пайымынша, Қазақстанның этносаралық келісім моделі – шығыс пен батыстың үздік тәжірибесін біріктірген бірегей құбылыс. Ол ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаһанданудың үйлесімін таба білді.

Ал ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім саясаты – ішкі тұрақтылықтың басты факторларының бірі екенін айтады. «Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді халықаралық деңгейде де ұсынуға дайынбыз», - деген-ді ол.

Саясаттанушы Айгүл Сәдуақасова: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – этностар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың тиімді платформасы. Оның арқасында елімізде этносаралық жанжалдар тіркелмей келеді», - дейді.

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости