«Таза су және санитария» елімізде өзекті мәселелер қатарында

Dalanews 09 нояб. 2023 08:26 2300

Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз.

БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Қауіпсіз су мен санитарияға қол жеткізу және тұщы су экожүйелерін ұтымды пайдалану адам денсаулығы, экологиялық тұрақтылық пен экономикалық өркендеу үшін үлкен маңызға ие. БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды.Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.Тұрақты даму мақсаттарының 6 мақсаты «таза су және санитария» екені бәрімізге белгілі. Сарапшылар елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты екенін айтады. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады.

      Ғалымдардың зерттеуінше 2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжауда. Бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз.


Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған.Қазақстандағы судың бар-жоқтығынан оның ластануы көбірек алаңдатады. Бұл – проблема және солай болып қала бермек. Себебі көптеген салаларда, әсіресе тау-кен өндіру және карьерлерді қазу ісінде суды шикізат ретінде немесе соңғы өнімді сұйылту үшін пайдаланады. Қолданылған су қайтадан өзендерге жіберіледі, ал ластанған суды сүзіп, қалпына келтіру өте қиын. Сондықтан климаттың өзгеруінен, судың қолжетімділігінен және басқалар мәселелерден гөрі судың сапасы, менің ойымша, маңыздырақ, өйткені бұл су үймізге жетеді. Соның салдарынан сумен қамту және санитария саласындағы проблемалардан туындайтын диареялық аурулардың кесірінен мыңнан астам бала қайтыс болады.

Судың бастапқы сапасын қалпына келтіру үшін көп қаражат қажет. Оның бағасы тым жоғары. Адам қызметінің нәтижесінде пайда болған ағынды сулардың 80 пайыздан астамы өзендерге немесе теңіздерге тазартылмай ағызылады. Суға қатысты сақтық шараларын қабылдау үшін өндіріс орындарға қатаң ережелер қолданылуы қажет.          Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра,тұрақты даму мақсаттары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасы оқытушылар құрамы мен студенттер арасында дөңгелек үстел,пікірталас сайыстары,түрлі акциялар өткізуде.Елімізде орын алған өзекті мәселелерді шешуге бізде өз тарапымыздан үлес қосудамыз.

 

Өміртай Роза

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы,з.ғ.к. адвокат

Абикенов А.А

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының доценті,з.ғ.к.

Рекомендовать
Последние новости