Тайжан: "Денсаулық сақтау саласы? Бізде тұтас жүйе іріп-шіріген"

Dalanews 05 июл. 2020 06:09 851

Cаясаткер Мұхтар Тайжан жүйе ауыспай, өмір өзгермейді дейді. Оның пікірінше Денсаулық сақтау саласындағы былық, тұтас жүйедегі берекесіздіктің салдары. Dalanews.kz Тайжанның пікірін назарыңызға ұсынады.

Өзгенің өмірі үшін, өзін қатерге тігіп, күн-түн көз ілмей індетпен арпалысып жатқан дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Жүйенің өзі қақалып-шашалып зорға жұмыс істеп тұр. Дәрігерлердің табандылығы, жанкештілігі болмаса, әлдеқашан қирап тынар еді. Осындай кембағал жүйенің кем-кетігін жасырып, қиындықты қасқая қарсы алған ақ халатты жандардың алдында тағы бір рет басымды иемін.


Көрші қырғыздарда індеттің шеңгеліне іліккен науқастарға арнап күндізгі стационарлар соғып жатыр екен. Бізге де үлгі боларлықтай...

Айтқым келгені. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттегі көп саланың бірі ғана. Бізде тұтас жүйе тоқыраған. Іріп-шіріген жүйенің тек бір саласы ғана ақсап тұруы мүмкін емес.

Осы елде қай сала мінсіз жұмыс істейді? Міне, деп саусағыңызбен шұқып көрсетіңізші?

Әскер ме? Былтыр қару-жарақ қоймасы жарылғанда әскери саланың белшеден былыққа батқанына куә болдық. Талай адам саладағы салақтықтың құрбаны бола жаздады. Қарапайым тәртіптің қағидасы сақталмайтын бұл саладан не үміт, не қайыр?


Авиация? Осыдан жарты жыл бұрын Қазақстанда жыртық-тесігі желімделген ұшақтар әуеге көтеріліп жүрді. Қозғалтқыштар ешбір есепсіз, бақылаусыз ауысып, осы салаға жауаптылар ойына келгенін істеді. Саладағы созылмалы коррупция мен жауырды жаба тоқу синдромы отандық авиацияны аянышты күйге түсірді.

Ішкі істер министрлігі? Құқықтық жүйе? Бәлкім теміржол саласы мүлтіксіз жұмыс істейтін шығар? Жоқ, тағы да жаңсақ айттық. Вагондардың рельстан тайып, төңкеріліп жатуы үйреншікті жағдай. Ал жолаушылар пойызына кірудің өзі қорқынышты. Күтімсіз, кетеуі-кеткен...

Бәлкім ауыл шаруашылығының ахуалы дұрыс шығар? Жоқ, бұл сала да мемлекетке масыл. Халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, асырай алмай отырғаны өз алдына, салық төлеушілердің ақшасын сорып, халыққа тиесілі жерді жалмағаннан өзге білері жоқ.

Мүмкін жергілікті әкімдіктер жұртпен жүйелі байланыс орнатқан шығар? Тағы да қателестік. Әкімдіктердің шалағай шешімі, солақай саясатының көрінісі – коррупцияға батқан ЛРТ. Осы бір бетон ескерткіш әкімдер мен халықтың арасындағы алшақтықтың айқын белгісі іспеттес.


Мектеп пен ЖОО-лардың білім беру деңгейі қандай? Оған өздеріңіздер де куәсіздер. Біздегі білім саласының әуселесін ауыл мектебіндегі дәретханаға қарап-ақ бағалауға болады.

Бұл елде бірде-бір сала біз күткендей жұмыс істемейді. Астымыздағы көліктің тозығы жеткені сондай, әлдеқашан күресінге лақтыру керек едік. Біз оны әлі сүйретіп келеміз. Шопырын ауыстырғанымыз болса, баяғы жартас сол жартас. Еске жүйенің жақтастары майшелпекке бөгіп, әлі де өз орнында отыр.


Жүйе ауысқан да, өзгерген де жоқ. Елдің ақшасы кетер жеріне кетіп, жемқорлардың жемсауын толтыруда. Осы жүйенің төбе басында отырғандардың беті қалың, олар өз бизнесінен өзгені ойламайды. Халықтың ақшасын өзіне тиесілі компаниялар мен банктерге аударуда.

Өлместің күнін кешуден құтылғымыз келсе, жүйені ауыстырғаннан өзге жол жоқ. Жүйе ауысқанда ғана оның қан-тамыры айнала бастайды. Бұл үшін бізге елдің сөзін сөйлейтін парламент, шынайы мәслихат, сайлау жолымен билікке келген әкімдер  керек. Барлық деңгейде әділетті саяси бәсеке орнамай, мандымаймыз. Биліктегі бірнеше адамның монополиясы мұнайы атқылап, газы бұрқырап жатқан халықты қайыршы күйге түсірді. Неткен соры қалың ұлт едік...

PS. COVID-19 тарауы бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы орынға шықты.

 

Рекомендовать
Последние новости