Тәуелсіздікке тарту: Шығыс Қазақстанда 5 мың оқушы "Жас ұлан" қатарына қабылданды

Dalanews 22 дек. 2021 16:52 753

Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде 5 000 оқушы «Жас ұлан» ұйымының қатарын толықтырды. 

Мыңдаған белсендіні Жас ұлан" балалар-жасөспірімдер қозғалысының қатарына қабылдау рәсімі Семей қаласында ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында 100 үздік оқушыға Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназияның математика пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпазы Жанар Сағатбекова, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның математика пәнінің мұғалімі, 2021 жылдың үздік педагогы атанған Жанар Дүрмекбаева, білім ардагері Валерий Адаричев салтанатты түрде галстук байлады.

Жасұландықтар ұйым қатарына кіріп, салтанатты ант берді.


Айта кетелік, «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер қозғалысының негізгі мақсаты – ұлтжанды жастар мен қоғамдық белсенділердің жаңа буынын қалыптастыру.



"Қозғалыс мүшелері оқу озаттары, мектеп және қоғамдық шаралардың белсенді қатысушылары болады. Жасұландықтар сабақты жақсы оқиды және барлық жағынан үздік болуға тырысады», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Бұл ұйымға мүше болудың екідеңгейлі жүйесі бар. Жоғары буынға 5-10-сынып оқушылары, төменгі буынға 1-4-сынып оқушылары кіреді.

 

Рекомендовать
Последние новости