Кәсіп бастағысы келетін азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеміз - Абай ауданының әкімі

Dalanews 22 дек. 2021 16:44 1016

Орталық коммуникация қызметінде журналистер сауалына жауап берген ШҚО Абай ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімұлы ауданның тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталып, алдағы атқарылар істер жайында баян етті. 

Аудан Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойына тыңғылықты дайындалған. Мереке қарсаңында кәсіпкерлердің атсалысуымен өлкеде жаңа мешіт, балабақша жәнге мәдени ескерткіштер ашылған. Бірқатар көшелер абаттандырылып, жолдар жөнделген.

"Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Аудан тұрғындарының "Еңбек" бағдарламасына қызығушылығы жоғары. Осынау жоба аясында кәсіп ашып, бизнес бастауға құлық танытқан аудан тұрғындарына қайтарымсыз грант берілді. Соның нәтижесінде көптеген көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұялар жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алды", – дейді Нұржан Әбдікәрімұлы.

Бұдан бөлек демеушілердің көмегімен "Біз біргеміз" акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек таратылған. Көпбалалы отбасылардың балаларына қысқы киім-кешек беріліпті.  


"Шығыс Қазақстанда медицина саласына басым көңіл бөлінетінін білесіздер. Абай ауданы да бұл тенденциядан қалыспай келеді. Аудандық ауруханада коронавируспен күреске барлық жағдай жасалған. Тұрғындардың денсаулығы басты назарда", – дейді әкім.

Ауданда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жоғары деңгейде. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін Абай ауданының барлық елді-мекендерінде өз-өзіне қызмет көрсету бөлімшелері ашылған.

Әкімнің атап өткеніндей ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп отыр. Қазіргі таңда Абай ауданында мыңнан аса кәсіпкер бар. Ілкіде айтып кеткендей "Еңбек" бағдарламасы аясында бизнесін дөңгелетіп отырған азаматтардың қарасы көбейіп келеді.

Ауданда тұрғын-үй мәселесі де айрықша назарда. Жыл аяғына дейін 32 көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға баспана берілетін болады. "Бірқабатты Шығыс" жобасы аясында салынған үйлердің сапасы жақсы, құрылысы аяқталған, қолданысқа берілуге дайын тұр.

Ауылшаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Өлкедегі шаруа қожалықтарының саны 42-ге жетті, соның ішінде 20-сы қой шаруашылығымен, ал өзге 22 шаруашылық ірі қара өсірумен айналысады.

"Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі", – деді сөзінің түйінінде Абай ауданының әкімі.

Рекомендовать
Последние новости