Танымал миллиардер салықты айналып өтпек

Көркем Алдабергенова 01 июл. 2025 15:57

Forbes тізіміндегі миллиардердің жиені Орифжан Шадиев санкциядан құтылуға тырысуда. Бүгінде іс Жоғарғы сотқа жетті. Оқиға 2021 жылы басталған. Сол кезде Қазақстан Ұлттық банкі таратылған Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank банктерінің бұрынғы иесі Орифджан Шадиевке қарсы талап арыздың бір бөлігін жеңіп шыққан еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шадиевтен 14,5 миллиард теңгеден астам негізгі қарыз және 1,1 миллиард теңге айыппұл өндірілді. Бұған қосымша ол мемлекет пайдасына жарты миллиард теңгеге жуық мемлекеттік баж төлеуге міндеттелді. Жалпы алғанда, Ұлттық банкке 15,7 миллиард теңге қайтарылды. Негізгі қарыз толық өтелді.

Алайда міндеттемелер орындалғанына қарамастан, мемлекет Шадиевке атқарушылық санкция салды – бұл мәжбүрлеп орындату тәртібімен өндірілген соманың 10%-ын құрайды (шамамен 1,57 млрд теңге). Адвокаттар бұл соманы нөлге дейін азайтуды сұрады, себебі «банкирдің қаржысы жоқ», ал «оның мүлкі борышты жабуға жетпейді» деген уәж келтірілді.

"Талапкер Астана қаласы Әділет департаментіне қарсы сотқа талап арыз түсіріп, атқарушылық санкцияны 1 574 087 522 теңгеден 0 теңгеге дейін азайтуды сұрады, себебі оның қаржылық мүмкіндігі жоқ", – делінген сот материалында.

Сот тараптардың уәжін тыңдап, талапты жартылай қанағаттандырды – айыппұл сомасы 1,57 млрд теңгеден 1,39 млрд теңгеге дейін азайтылды. Алайда бұл шешім Шадиевті қанағаттандырмады. Апелляция барысында да сот шешімі өзгеріссіз қалды. Енді экс-банкир Жоғарғы сотқа жүгінбек.

Айта кетейік, Орифджан Шадиев – Forbes тізіміндегі миллиардер, халықаралық ENRC корпорациясының теңқұрушысы Патох Шодиевтің жиені.

Еске салайық, бұған дейін Орифжан Шадиевтен Ұлттық банк пайдасына 960 гектар жер қайтарылған болатын. 

Алматы прокурорлары 960 гектар жерді Ұлттық банктің пайдасына қайтарып берді. Алматы прокуратурасы сот актілері мен сот үкімдерін талдаудың негізінде "Capital Bank Kazakhstan» АҚ мен "AsiaCreditBank" АҚ таратылған банктердің жалғыз акционері саналатын борышкердің активтері шығарылғанын анықтады.


Рекомендовать
Последние новости