Түркістан: Сауранда «Табиғатқа қамқорлық жасау» күніне орай экоакция өтті

Ақтоты Жапатова 30 июн. 2025 14:03

Сауран ауданында «Заң мен тәртіп апталығы» шеңберінде бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Табиғатқа қамқорлық жасау» күні аталып өтті. Бастама аясында Оранғай ауылдық округінде экологиялық тазалық шарасы өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Аталған шараны аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе ұйымдастырып, жергілікті тұрғындар мен жастар, еңбек ұжымдары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер атсалысты. Сенбілікке 100-ге жуық адам қатысып, 7 бірлік арнайы техника тартылды. Қарашық өзенінің 7 шақырымдық жағалауы тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай арнайы қатысып, жиналған тұрғындарға өзінің алғысын білдірді. Ол өз сөзінде табиғатты сақтау – ел болашағына деген қамқорлық екенін атап өтіп, барлық қатысушыларды осындай игі бастамаларға белсене араласуға шақырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі тазалық акциясы – сол бағыттағы қадамның бірі. Мұндай шаралар елдің бірлігін, қоғамның белсенділігін, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсетеді. Сондықтан әрбір азаматтың мұндай бастамаларға үлес қосуы – аса маңызды», – деді Әлімжан Сихымбай.


Рекомендовать
Последние новости