Сенат Жоғарғы соттың екі судьясын қызметінен босатты

Қаракөз Амантай 26 июн. 2025 11:30

Сенаттың жалпы отырысында Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Мемлекет басшысының Жоғарғы сот судьялары Герман Нұрбаев пен Досжан Әміровті қызметтерінен босату жөніндегі ұсынысын таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Малаховтың айтуынша, судья Досжан Әміров зейнетке шығуына байланысты отставкаға кету туралы өтініш берген. Ол бұған дейін бірнеше облыстық соттың төрағасы қызметін атқарған, судьялар корпусында беделі жоғары тұлға. Сондай-ақ Қазақстан Судьялар одағы кеңесінің төрағасы.

“Досжан Сарманқұлұлы – ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде абыройлы еңбек еткен, кәсіби білігімен танылған судья. Ол зейнеткерлік жасқа толғанына байланысты қызметінен босатылды”, – деді Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы.

Ал Жоғарғы соттың тағы бір судьясы Герман Нұрбаев ТМД елдерінің экономикалық сотының Пленум шешімімен 2025 жылы 10 маусымда аталған соттың төрағасы болып сайланды. Осыған байланысты ол да Жоғарғы соттағы қызметінен босатылмақ.

Сенат депутаттары Мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдап, екі судьяны да қызметінен босату туралы шешім қабылдады.


Рекомендовать
Последние новости