Талғардағы трагедия: Марқұм Шерзаттың жақындары Тоқаевқа үндеу жасады

Қаракөз Амантай 11 нояб. 2024 14:00 3308

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың жақындары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белгілі блогер Жан Ахмадиев марқұм Шерзат Болаттың қара шаңырағына барып, жақындарының уәжін тыңдап, әлеуметтік желідегі парақшасына олардың мемлекет басшысына жасаған үндеуін жариялады.

“Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, Шерзатты жер қойнауына тапсырғалы 40 күн өтті. Дәл қазір Шерзаттың шаңырағындамыз. Қазіргі таңда ешқандай өзгеріс жоқ. Сол себепті Шерзаттың жақындарының сізге айтар үндеуі бар”, - дейді блогер.

Марқұм Шерзаттың әжесі Жұмабике Нұрымова немересінің ісі жылы жабылып кете ме деп алаңдап отыр.

“Нұрқияс деген жігіттің бұған дейін үстінен 7-8 рет іс қозғалып, 3 адамның өліміне және 4 адамның мүгедек болуына себепкер болған екен. Оның бұрынғы істерінің жабылып кетуіне байланысты менде қорқыныш бар. Сондықтан ашық сотты талап етеміз. Себебі бұл жолы да жазадан жалтырып кетуі әбден мүмкін”, - дейді әжесі.

Марқұмның әпкесі куәгер ретінде қаралып жатқан екі әйелдің де жазаға тартылуын талап етуде.

“Ешкім жазасыз қалмасын! Куәгер ретінде тіркелген екі қыз да жазасын алуы керек. Олар куәгер емес. Мұнда куәгер - әкесі, шешесі, әжесі, көрші-қолаңдарымыз. Бұл жерде қыздар куәгер емес. Бүгін менің бауырымды өлтірді, ертең бұлар кімнің бауырын өлтіреді?”, - дейді Бақыт Реймова. 

Қазіргі таңда марқұм Шерзаттың жақындарының бір ғана тілегі бар. Олар істің ашық сотта қаралуын сұрап отыр.

“Әже ретінде, апасы ретінде, ақ жаулықты ана ретінде барлық ананың атынан, Гүлбардың шырқыраған дауысынан ең әділ сот, ашық сот болуын сұраймын!”, - дейді марқұмның әжесі.

“Ашық сот болмаса, істің бұрмаланып кететініне жүз пайыз сенімдімін. Қорқынышымыздың себебі де - осы. Сондықтан үндеу жасап жатырмыз. Жаңа Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін көрсететін ашық сот болуына мүмкіндік берсе екен дейміз”, - дейді Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова.

Марқұмның әпкесі Бақыт Реймованың сөзінше, Шерзаттың әкесі мен анасының қазіргі жағдайы ауыр. Олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. 

“Жан-дүниеміз бір Аллаға ғана мәлім. Ағам өзінің маңдай терімен жеткен дүниесінен айырылып отыр. Міне, қазір баласы жоқ, не үйі жоқ, не дүкені жоқ. Біз үшін бұл - қасірет. Жылайын десек жас та қалмады. Қазір ағамыз бен жеңгеміз үшін қатты алаңдап отырмыз. Олар қиын күндерді бастан өткеріп жатыр. Сол себепті әділ сотты талап етеміз!”, - деді марқұмның әпкесі.

Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасына байланысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

“Шерзат бауырымыз көз жұмған Талғардағы трагедияға қатысты депутаттық сауал жолдаған едім. Жауабы келді. Алматы облысының Талғар аудандық ПБ ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5,7,9,14) тармақтарымен тергеп-тексеруді бастаған (аса қатыгездiкпен жасалған, адамдар тобының, алдын ала сөз байласуымен, бұзақылық ниетпен, көрінеу кəмелетке толмаған адамды өлтіру). Оған қоса ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық, пышақтарды немесе өзге де суық қаруды қолданып жасалған іс-əрекеттер) жəне ҚК-нің 434-бабы бойынша (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркелген (бір іс жүргізуге біріктірілді)”, - делінген Бас прокуратура жауабында.

Қазіргі уақытта іс бойынша 11 күдікті ұсталып, оларды күзетпен ұстау шарасы санкцияланған.

Бүгінде қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды, орын алған оқиғаның мəн-жайларын анықтауға бағытталған тергеу əрекеттері жүргізілуде. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданатын болады. Сауалда көрсетілген Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар жəне Ақтөбе облыстарында орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу барысы қатаң бақылауда, - делінген жауапта.

Бас прокуратура нəтижесі бойынша процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Рекомендовать
Последние новости