Қазақстан Үкіметі алған қарыздары бойынша төлемге 1,9 трлн теңге жұмсады

Кәмшат Тілеухан 08 нояб. 2024 10:49 1124

2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметі бюджет тапшылығы аясында алынған қомақты қарыздардың құрылымы мен жүктемесінің сипаттамасы туралы есеп жарияланды. Ол жайлы Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы ішкі қарыздардан түскен түсімнің жалпы көлемі 4 996,6 млрд теңгені құрады. Ал сырттан алынған қарыздар көлемі әлдеқайда аз – бар болғаны 90,7 млрд теңге, деп жазады Economy.kz.

2024 жылғы 1 қазанға дейін жалпы мемлекеттік қарыз 30 трлн 504,8 млрд теңгеге жетіп, 134 трлн 952,9 млрд теңге көлеміндегі ЖІӨ-нің 22,6%-ын құрады. Үкіметтік қарыз жалпы мемлекеттік қарыздың 94,4%-ын құрап, 28 784,7 млрд теңге болады. Оның негізгі бөлігі ішкі қарыздарға тиесілі – 21 567,6 млрд теңге (75%), ал сыртқы міндеттемелер 7 217,0 млрд теңгені (25%) құрайды.

Қарыз жүктемесі келесідей тарқатылады: 

  • қысқа мерзімді міндеттемелер 848,0 млрд теңгені,
  • орта мерзімдісі 3 трлн 209,7 млрд теңгені,
  • ал ұзақ мерзімді қарыздар 24 трлн 726,9 млрд теңгені құрайды.

Пайыздық төлемдердің басым бөлігі барлық міндеттемелердің 85% деңгейінде бекітілген. Құбылмалы дәлізі бекітілген ставкалар 12%-ды, ал инфляция индексіне индекстелген қарыздар 3%-ды құрайды.

Үкіметтік қарызды өтеуге 2024 жылдың басынан бастап қыркүйек айына дейін 1 959,3 млрд теңге жұмсалды, бұдан бюджетке айтарлықтай қаржылық жүктеме түсіріп отырғанын байқауға болады. Ұлттық банктің дисконтталған құндағы ішкі міндеттемелері 500,0 млрд теңгені немесе жалпы мемлекеттік қарыздың 1,6%-ын құрады. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздық міндеттемелері 1 220,1 млрд теңгеге жетіп, жалпы қарыз көлемінің 4,0%-ын құрады.

"Қазақстанның қарыз құрылымы ішкі қаржыландыруға тәуелділіктің жоғары екенін көрсетеді, бұл белгілі бір тұрақтылықты қамтамасыз етеді, бірақ тәуекелдерді азайту үшін тұрақты бақылау мен қадағалауды қажет етеді" деп баса көрсетеді Лина Егелқызы өз мақаласында.

Айта кетсек, күні кеше ҚР Қаржы министрлігінің 2024 жылдың 10 айында Ұлттық қорға түскен және алынған қаражаттар бойынша есебі жарияланды. 2024 жылы 10 ай ішінде Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге жұмсалды: 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт ретінде алынса,2,6 трлн теңге нысаналы трансферт ретінде аударылды. Сондай-ақ қорды басқаруға және аудитке 11,9 млрд теңге бағытталды. Яғни, оның басым бөлігі бюджет тапшылығын жабуға бағытталған.


Рекомендовать
Последние новости