Талғар өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына да көңіл бөлінді

Dalanews 24 дек. 2021 22:22 1072

Талғар ауданында сапары барысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев аймақтағы коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелерін шешуге назар аударып, әлеуметтік нысандарды аралады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қанат Бозымбаев құрылысы шамамен 99% аяқталған 1200 орындық мектепке барды.

– Мектеп заманауи, бірақ тым ауқымды. Ғимараттың пайдалы алаңын тиімді қолдану керек. Алдағы уақытта құрылыс және білім басқармаларына бірлесіп, салынатын мектептердің типтік үлгісін әзірлеуді тапсырамын. Мектептердің құрылысына инвесторларды да тарту керек, – деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын «Жаңа» шағын ауданның құрылысы жобасымен танысты. Мұндағы халықтың болжамды санын ескере отырып, әлеуметтік нысандардың тұрғындарға қолжетімді болуын қарастыру керектігін ескертті.

Осы күні Талғар өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына да көңіл бөлінді.

Ауданды суаратын сумен қамту да – маңызды мәселе. 13 шақырымға созылған магистралды каналға күрделі жөндеу қажет. Бұл канал шамамен 3 ауданды қамтиды, оның тозығы жеткендіктен қазір судың 40%-ы ысырап болуда. Қауіпсіздік үшін каналдың бетін жабу керек.

– Шығыны аз заманауи материалдарды пайдаланыңыздар. Күрделі жөндеу жүргізудің алдында жобаның тиімділігі жөніндегі есептеулерді көрсетіңіздер. Қазіргі кезде каналдың қамтитын суару алқабының көлемі мен жөндеуден кейінгі қамтитын ауқымы қандай болады, жоспарланып отырған күрделі жөндеу қандай нақты нәтиже береді, соның бәрі айқын болуы керек. Содан кейін ғана нақты шешім қабылдайтын боламыз, – деді Қанат Бозымбаев.

Осы күні Қанат Алдабергенұлы «Баймене» ЖШС-да болды. Серіктестік басшысы Евгений Қамбаровтың айтуынша, кәсіпорынның 70 га интенсивті алма бағы бар және ол жемісті ұзақ уақыт сақтаумен және өңдеумен айналысады. Калибрлеуге арналған іріктеу және алманы қаптау желісі, табиғи алма шырыны мен езбесін дайындау  өндірісі бар. Сол сияқты 5100 тонна өнім сиятын жеміс сақтау қоймасы бар. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында кәсіпорын 1 кг алмадан 65-70% таза шырын шығарады, ал екі мәрте пастерлеудің нәтижесінде шырында консерванттар қоспай-ақ алманың барлық пайдалы қасиеттері сақталады. Алма мен шырын Алматы нарығында, ірі сауда желілерінде «Alem Alma» брендімен саудаланады. Болашақта алма шырынының шарабы, джем, алма сірке суы, газды сусындар және басқа да өнім шығару, бақ аумағын 40 гектарға ұлғайту жоспарда бар. Жоба толық іске қосылғанда тартылатын инвестиция көлемі 6,1 млрд. теңгеге жетеді.

Сапар соңында аудан активімен кездескен Қанат Бозымбаев бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселелерге назар аударды. Олардың қатарында сумен, газбен, тұрғын үймен қамту, саяжай массивтерінде инфрақұрылымның жоқтығы, жер учаскесі кезегі, үш ауысымды мектептерді жою, жол апаттарының алдын алу және т.б. бар.

– Бүгін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстым, бірқатар нысандарды араладым. Аудан үлкен, халық тығыз орналасқан, проблема көп. Әсіресе, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлу керек. Саяжай массивтерінің егжей-тегжейлі жоспарын және оларды кешенді дамытудың жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең бірінші кезекте тұруы тиіс. Өз жұмыстарыңызда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын үнемі басшылыққа алыңыздар. Әлеуметтік желіде тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, түскен сұрақтарға қарапайым, түсінікті түрде жауап беріңіздер. Жеке азаматтарды қабылдауды тұрақты өткізіп, халықпен тілдесіңіздер. Әрине, біз бүгін барлық проблеманы түгел қамтыдық дей алмаймыз. Бірақ ең бастысы өзекті мәселелерді шешу жолдарын айқындап алдық. Оларды бұдан әрі жұмыс барысында бірлесіп іске асыратын боламыз, – деді Қанат Бозымбаев.

Рекомендовать
Последние новости