Бозымбаев тау туризмін дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірленетінін айтты

Dalanews 25 дек. 2021 08:14 816

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талғар ауданында болып, Бесағаш ауылының инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу жағдайын талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі алдымен Бесағаш ауылындағы блокты-модульді қазандыққа барды. «Горизонт KZ» ЖШС 2 млрд. теңгеге орнатқан бұл қазандық биылғы жылдың қараша айында іске қосылған болатын. Нысан Бесағаш ауылындағы «Нұрия», «Динара групп», «Алма Тау», «Достар», «Бесағаш 2» тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетуге арнап салынған. Облыс әкімі заманауи, жаңа әрі үнемді, газға қосылған қазандықтың жұмысын оң бағалады.

Осы сапар барысында Қанат Бозымбаевқа Бесағаш ауылының оңтүстік-батыс бөлігін дамытудың жобасы таныстырылды. Соның ішінде «Talgar Eco City», «Аспан сити», «Besagash» және «Достар» тұрғын үй кешендерінің құрылысы жайлы кеңінен баяндалды. Бұл ретте Қанат Алдабергенұлы тұрғын аумақтарды дамыту ісін кешенді түрде қарастыру керектігін қатаң ескертті.

– Кешенді құрылыс жоспарына әлеуметтік нысандар салуды да енгізу керек. Яғни тұрғын үй кешенін салушы әрбір кәсіпкер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін негізге алуы тиіс. Оған қоса саяжай массивтері аумағында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген баламалы жер телімін ұсына отырып, тұрғын үйлерді салу  мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Құрылыс жүргізу барысында жергілікті жерде өндірілген материалдарды қолдануға, қазақстандық мазмұнға басымдық берілуі керек. Ал жұмыс барысында туындаған мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз, – деді Қанат Бозымбаев.

Сол сияқты облыс әкімі Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінің 3 жылдан бері созылып келе жатқан күрделі жөндеуіне қатысты туындаған мәселелерге де назар аударды. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қолға алынған құрылыс жұмыстары нысанда өрт болу салдарынан тоқтап қалған. Облыс әкімі мынадай баяу қарқынмен мердігер мекеме жоспарда белгіленген мерзімде жөндеу жұмыстарын аяқтай алмайтындығын қатаң сынға алды. Егер келісімшарттарды орындамаса, заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды.



Сапар барысында сорғы станциясы мен резервуарлардың жұмысына да көңіл аударылды. Мұнда облыс басшысына бұған дейін Бесағаштағы «Алма Тау», «Нұрия» ЖК-ларын сумен қамтуда туған қиындықтарды шешу жолдары баяндалды. Атап өтсек, су құбырлары бірнеше жерден жарылған еді. Сондықтан қазір су құбырын төсеген мердігер мекеме құбыр желісінің бірінші тармағын қайта ауыстырып жатыр. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Мердігер мекеме  екінші тармақты да сапалы құбырға ауыстыратын болды. Мұндағы негізгі қиындық - бұл ЖК-ларға берілетін ауыз су көзі Алматыдан тартылған. Сондықтан Бесағаштың оңтүстік бөлігін ауыз сумен қамту желілерінің құрылысын жүргізуге қажеттілік бар. Осыған орай аталған жоба да облыс басшысына таныстырылды.

Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін «Ой Қарағай – Лесная сказка» тау шаңғы демалыс базасы ауданның іргелі туристік нысандарының бірі. База басшылығы нысанның іргесін кеңейтіп, «Апорт Ақ-Тас» тау курорттық кешенін салуды қолға алмақ. Жоспарға сәйкес жоба 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен оған қажетті жол, электр энергиясы, су таратқыш сияқты инфрақұрылымдармен қамтуға көмек сұрады. Қанат Бозымбаев тау туризмін дамыту жөнінде арнайы мастер-жоспар әзірленетінін айтты.

– Тау курорттық кешенін салу – бұл үздік туристік жоба. Жоба іске асырылса, қанша жұмыс орны ашылады, қанша салық түседі, туристер легі қаншаға артады, соның бәрін зерделейміз. Және осы мастер-жоспарда облыстағы туризм саласының туындаған мәселелерінің барлығы, соның ішінде сіздер көтерген мәселелер де қамтылатын болады, – деді Қанат Бозымбаев.

Рекомендовать
Последние новости