Талдықорғанда Семей полигоны мен Чернобыль апатының құрбандарына мемориал тақта орнатылды

Dalanews 15 сент. 2023 07:31 1350

Бүгін Талдықорғанда Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқан жетісулықтарға және Семей полигонының құрбандарына арналған мемориал салтанатты түрде ашылды. Обелиск «Жеңіс» саябағына қойылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ескерткіш бірнеше стеладан тұрады. Қара мрамор постаменттерде «Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарына», «Чернобыль апаты құрбандарына» деп ойып жазылған.

Көпшілік қауымның алдында сөз сөйлеген Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл осыдан 37 жыл бұрын Чернобыльдағы радиактивті зақымдану аумағында 23 мыңнан астам қазақстандық болғанын тілге тиек етіп, солардың ішінде жетісулықтардың да болғанын атап өтті.

– Аса қауіпті екеніне қарамастан, олар ерлік көрсетіп, қайсарлық танытты. Өкінішке қарай олардың көпшілігі бүгін арамызда жоқ. Бірақ олардың ертеңгі ұрпақ үшін жасаған қаһармандық істері біздің жадымызда мәңгі қалады, – деді қала әкімі.

Әскери гарнизонның үрмелі оркестрі Мемлекеттік гимнді орындалып, ескерткіштің ақ жабыны түсірілді. Құрбандардың құрметіне автоматтан үш рет төбеге оқ атылды. Қала әкімі Е.Бәзіл, «Семей – Чернобыль» мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рахат Ақжолтаев, қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Ахажан мемориалға гүл шоқтарын қойды. Жұртшылық құрбандарды бір минутпен үнсіздікпен еске алды.

Бұдан әрі жиын Оқушылар сарайының мәжіліс залында Семей ядролық сынағы мен Чернобыль апатының құрбандарына арналған еске алу шарасымен жалғасты.


Қала басшылығы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің атынан Алғыс хат пен Құрмсет грамотасын тапсырды.

Семей полигонының мүгедектері мен ардагерлері ҚБ төрағасы Толыбек Данабеков және «Қазақстанның Чернобыль ардагерлері» қауымдастығының орталық кеңесінің төрағасы Мұстафа Хусайын да құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара қонақтарының көпшілігі қауымдастықтың Құрмет грамоталарымен және төсбелгілерімен марапатталды.  Салтанатты концерттік бағдарлама қорытындылады.

Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандардың бірі Қоңыратбек  Жолбосыновтың айтуынша, алғашқы шақыру кезінде 1986 жылдың қысында Талдықорғаннан Украинаға 100-ге жуық адам аттаныпты.

– Қаңтарда біз белгіленген орынға жеттік. Жанымдағы бірнеше жігіттермен бірге мені де 22-ші Прикарпат бригадасына жіберді, 1987 жылдың көктемінде 34 күн апат болған орында, қираған реактордың маңында болдық. Бүгін сол 100 шақты адамнан тек 15 адамдай бармыз. Өзім химик-дозиметрист болсам да, зиян-қаупі туралы көп ойламадым. Біз ондай қатерлі іске Отан үшін бардық. Соны біздің ұрпақтарымыздың біліп жүргені жөн, – дейді чернобыльдық ардагер.

Рекомендовать
Последние новости