Смайылов Үкіметі дәрменсіздігін тағы көрсетті

Dalanews 19 сент. 2023 05:56 1322

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалық етуімен басқосу өтіп, егін жинау науқанына қатысты мәселелер талқыланды. Жиында Үкіметбасы ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен шаруаларға көмек-қолдау көрсетілетінін де айтты. Ол қандай көмек? Енді осыған тоқталсақ.

Биыл Жамбыл облысындағы шаруаларға қырығыздар уақытында су бермей, әбден шығынға батты. Мұның соңы Ауыл шаруашылығы министрі болған экс-министр Ербол Қарашөкеевтің су жетпей жатқан аймаққа әкім ретінде «айдауға» жеберіліп, Жамбыл облысындағы шаруаларға уаықытында сумен қамтамасыз ете алмаған Нұржан Нұржігітовтың Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалуымен аяқталғаны бәріміз білеміз.

Осыған дейін су мәселесін шеше алмаған қос шенді алдағы уақытта бұл мәселені қалай шешетінін көзге елестетудің өзі қиын. Олардың жұмысын алдағы уақытта өз бақылауымызда ұстайтын боламыз.

Енді Үкімет үйінде өткен отырысқа қайта оралсақ, Әлихан Смайылов ауа-райының қолайсыздығынан жапа шеккен шаруаларға атқарушы билік қолдау көрсететін қадап тұрып айтты. Ол қандай қолдау? Әлихан Смайылов былайша ойын ортаға салды:

– «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек, – деді Премьер.


Біздің түсінуімізше, «Бәйтерек» холдингіне қарасты Азық-түлік корпорациясынан несие алып, егін еккен шаруалар несиесін уақытында төлей алмаған жағдайда айыппұл салмай «үү-лл-кк-ее-ннн» қолдау көрсетпекші екен.

Бұдан басқа шаруалар алуға тиіс субсидияларын толық көлемде ала беретін болыпты. Үкімет осылайша су тапшылығы мен егінін киік таптап кеткен шаруаларға қолдау көрсетпекші.

Шындығында мұны қолдау деп дабыра қылып айтуға да келмейді. Шығын шеккен шаруалардың арасында өз күшімен егін еккен шаруалар да бар ғой. Олар несие алмағандықтан Үкіметтің «қолдауының» қызығын көрмейтіні анық.

Смайлов Үкіметі «субсидия берудің тоқтатпаймыз» дейді. Субсидияыңыз анау айтқанда көп қаржы емес. Оны алу үшін қаржылық құрылымдар қыруар анықтама қағаз сұрауы мүмкін.

Білеміз ғой, біздің Үкіметтің қолдауына ие болу үшін бір құшақ қағаз құжат жинауыңа тура келеді. Сондықтан ауа-райының қолайсыздығынан жапа шеккен шаруалардың бәрі бірдей Үкіметтің көмегіне қол жеткізеді деп кесіп айту қиын.

Үкімет еліміздегі банк саласы тығырыққа тірелгенде оларды құтқару үшін миллиардттап қаржы бөліп, жомарттық танытқанын білеміз. Ал азғантай шаруа тығырыққа тірелгенде оларға сол қаржының бір ширегін бөлуге жармағандары жанға батады. Бар қаржысын басқа жаққа... аударып жіберген банктерге қаржы салып, оларды құтқаруға келгенде Үкіметтің алдына қара салдырмайды. Осы әділетті ме?  Әрине әділетсіз әрекет.


Шенділердің кесірінен су тапшылығына ұрынып, шығынға батқан шаруаларға қаржылай қолдау көрсетуге жармаған Смайлов Үкіметі халықты ұшпаққа шығарады дегенге осыдан кейін кім сенеді. Ешкімде сенбесі анық.

Еліміздің аузық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруалардың қиын жағдайда қалуы мемлекетіміз үшін үлкен қатер екенін бес жасар бала да біледі. Ал жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған бірнеше банктың банкрот болса, халық зардап шекпейтіні белгілі. Зардап шексе ат төбеліндей азғантай топтың қалтасы шамалы жұқаланып қалар еді.

Осы бір жайттан-ақ Үкіметтің мемлекеттік приоритетті дұрыс таңдай алмаған, дәрменсіздігін анық байқауға болады. Бұл мемлекетіміз үшін қауіпті құбылыс.

Рекомендовать
Последние новости