Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда. 2024 жылы өңірде 36 спорт нысаны пайдалануға берілді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Олардың қатарында төрт спорт кешені бар: Петропавл қаласында үстел теннисі орталығы мен «Береке» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы және Тайынша ауданының Келлеровка ауылындағы кешендер. Үш жабық хоккей корты салынды – Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында, Жамбыл ауданының Пресновка ауылында және Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында. Бұдан бөлек, Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласында 23 мини-футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ Ақжар, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов аудандарында және облыс орталығында алты спорт алаңы пайдалануға берілді.
2025 жылдың қаңтар айында Есіл ауданының Петровка ауылында жабық хоккей корты ашылды. Жеке инвестициялар есебінен Аққайың ауданының Дайындық ауылында (инвестор – «Дайындық» ЖШС, Б. А. Шаймерденов) және Тайынша ауданының Тайынша қаласында («KazFoodProducts» компаниясы) спорт кешендері салынды.
Облыста Мамлютка қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жабық хоккей қорының, Петропавл қаласында жүзу бассейні мен ойын залы бар мұз аренасының, Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында жүзу бассейнінің құрылысы жалғасуда. Биыл Аққайың ауданының Смирново ауылында жабық хоккей қорының құрылысы басталды.
Солтүстік Қазақстан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту халықтың спортқа тартылу деңгейін арттырып қана қоймай, болашақ чемпиондарды даярлауға, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және қоғамда салауатты өмір салтын нығайтуға мүмкіндік береді.