Атырау қаласында “Аңсар” жекеменшік балабақшасында орын алған оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бес жастағы бүлдіршін ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Алғашында баланың басы қатты ауыра бастағаны айтылған.
HALYQSTAN телеграм арнасының мәліметінше, балабақша қызметкерлері анасына хабарласып, қызының өзін жайсыз сезінгенін жеткізген. Олардың айтуынша, қыз бала баспалдақтан құлап кеткен. Алайда ата-анасы бейнебақылау жазбасын сұрағанда, балабақша өкілдері “сол сәтте камералар істемеген” деп жауап берген.
Ауруханаға жеткізілген соң дәрігерлер қыздан жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын және қос қолының сүйегі сынғанын анықтады. Мамандардың айтуынша, баланың емі ұзаққа созылмақ.
Оқиғадан кейін балабақша басшылығы әлеуметтік желілердегі парақшаларын өшіріп тастаған. Instagram-дағы парақшасында мекеменің “техникалық себептерге байланысты” жабылғаны хабарланған.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы, 2-бөлігі (“Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау”) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, маусым айында Астана қаласындағы №21 “Гүлдер” балабақшасының тәрбиеленушілерінің ата-аналары тәрбиешінің балаларға зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеген болатын. Жарты жыл бойы бүлдіршіндер үнемі соққыға жығылып келген.
Туыстарының айтуынша, тәрбиеші, балабақша меңгерушісі мен әдіскер жағдайдан хабардар болғанымен, ешқандай шара қолданбаған. Кейінірек ішкі камералардан алынған бейнематериалдар әлеуметтік желілерде таралып кетті. Онда арнайы киім киген әйелдің балаларды басынан, денесінен ұрып, жерге итеріп жатқан сәттері анық көрінеді.