Тайынша ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы 15,9 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде жүргізілген тексеріс барысында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған. Нақты айтқанда, бөлім басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу үшін жалған мемлекеттік сатып алу шартын бір көзден тауар жеткізушімен жасаған. Алайда кәсіпкер бұл келісімшарттан бейхабар болған.
Аталған дерек бойынша 2024 жылғы 6 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
2025 жылғы 30 маусымда Тайынша аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол енді мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда, сот және қаржы жүйесінде қызмет ете алмайды.