Астанадағы Достық үйінде Медиация күніне орай дөңгелек үстел өтті

Ақтоты Жапатова 06 авг. 2025 12:59

Астана қаласының Достық үйінде Медиация күніне арналған іс-шара өтті. Басқосуға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық және кәсіби медиаторлары, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Жиын барысында қоғамдағы толеранттылық, медиация мәселелерінің маңызды аспектілері және бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі туралы сөз етілді. Сондай-ақ қатысушылар медиация институтының маңыздылығына тоқталып, бұл кездесудің алдағы жұмысты тиімді жүргізу үшін берері көп екендігін атап өтті.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, елімізде 2 мыңға жуық қоғамдық, 100-ден астам кәсіби медиатор бар. Алайда олар негізінен отбасылық, тұрмыстық дау-жанжал кезінде жұмыс жүргізеді. Сондықтан этникалық келіспеушілік кезінде екі тарапты ымыраға келтіре алатын медиативтік технологияны терең меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Семинардың негізгі мақсаты да медиацияның дәл осы бағытын кеңінен түсіндіру болды.

«Мәдени ерекшеліктеріне, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа, соның бәріне медиацияда назар аударылады, әсіресе этномедиацияда.

Әрбір ұлттың, ол түгілі әрбір адамның өз ерекшеліктері бар. Қай отбасыдан, қай жерден шықты, қай жерде тәрбиеленді? Соның барлығын этномедиация ескере отырып, келіссөздер жүргізуге назар аударады», - дейді кәсіби медиатор Сымбат Шакиров.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдық келісімді нығайту бойынша келелі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.


Рекомендовать
Последние новости