Созақта ас тұзын өңдейтін зауыт жұмыс істеуде

Dalanews 31 мар. 2017 09:39 1383

Теріскейдің индустриалды аймағында «Дархан-Ас» ӨК-нде «Йодталған ас тұзын шығаратын зауыт» жұмыс істейді. 2016 жылдың қараша айында іске қосылған зауытта бүгінгі дейін 1000 тонна өнім өндіріліп, өңіріміз бен көрші облыстарға жіберілуде. Мұндай мәліметпен БАҚ өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметі ұйымдастырған Созақ ауданындағы пресс-тур кезінде қанықты.

Жергілікті 14 тұрғынды жұмыспен қамтыған зауыт жылына 9-10 мың тоннаға дейін тұзды өндіріп, облыстың тұзға деген 100 мың тонналық сұранысының 10 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы.

Тұз өңдеу цехінің басшысы Мұрат Сапаровтың айтуынша, зауыт толықтай автоматтандырылған, бір түймемен басқарылады. Сағатына 5 тоннаға дейін өңделген ас тұзын шығаратын нысан жұмысшылары шикізатты ауданның Тасты ауыл округіндегі «Бақыт таңы» тұз кенінен алады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 6 пайызбен 70 млн. теңге несие алған өндірістік кооператив басшылығы бүгінге дейін қарызының 30 пайызын жауып үлгерген. Цехта 1, 5 және 10 келілік ас тұздары қапталып, буылады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости