Түймебаев: «Инвесторларға барлық жағдай жасалынған»

Dalanews 31 мар. 2017 09:34 806

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу мақсатында 3 күндік жұмыс сапарымен келген «Анталия» индустриалды аймақтың делегациясын қабылдады.

Сапары барысында аталған түркиялық кәсіпкерлер Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерімен онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысқан болатын.
Өңірде кәсіпкерлік саласының дамып жатқанын алға тарқан түрік делегаттары мұнан соң,  жергілікті бизнесмендермен B2B форматында кездесті. Онда екі жақ ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларға инвестициялар тарту мен орта және шағын бизнесті дамыту жайын сөз етті.

Кәсіпкерлермен болған бетпе-бет кездесуде қос тарап кептірілген жемістер және азық-түлікке арналған  қаптама өндіру, жылыжайға арналған жабдықтар шығарып, орнату, құрғақ құрылыс қоспалар мен бояу өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді.

Аймақ басшысы кездесуде облыстың экономикалық әлеуеті мен кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларды атап өтті.

–  Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, әлеуетін бағамдауға келген делегация мүшелеріне алғысым шексіз. Оңтүстікте шетелдік инвесторларға барлық қолайлы жағдайлар жасалынып отыр. Әлеуеті зор 11 инудстриалды аймағымыз бар. Одан бөлек ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады. Ең бастысы – ниет түзу, бағыт-бағдар айқын, кәсіпкерлікті дамытуда ашықтық бар, – деді әкім.

Өз кезегінде сөз алған түрік делегаттарының топ басшысы, «Анталия» индустриалды аймағының бас директоры  Ильхан Метин Шымкент қаласында орналасқан индустриалды аймақтардың мүмкіндігі зор екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда инвестиция салуға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Анталия» индустриалды аймағы Түркиядағы әлеуетті 5 ірі аймақтың бірі  саналады. Аймақта 8 салада жұмыс істейтін экспорттық өнім өндіретін ірі компаниялар шоғырланған.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости