Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Solva микроқаржы ұйымының банкке айналуына рұқсат бермеді. Оның үстіне құзырлы ведомство аталған МҚҰ-ның жеке ірі акционерлері Александр Дунаев пен Борис Батинге сол банктің ірі акцияларын сатып алуына да рұқсат етпеді, деп жазады Dalanews.kz.
Агенттік қабылдаған бұл шешімдеріне не себеп екенін нақтылмады.
Айта кетсек, қыркүйек айында акционерлер Solva-ны 7,4 млрд теңгеге қосымша капиталдандырды. Жыл басынан бері олар компанияның жарғылық капиталын 11,8 млрд теңгеге толықтырып, оны 22,7 млрд теңгеге дейін жеткізді. Бұл Solva-ны банкке айналдыру аясында жасалған іс-шаралар болды. Сондықтан Solva 2025 жылы банк лицензиясын алуы мүмкін екені айтылып жүр. Алайда бұл мақсаттың тез орындала қоятын түрі жоқ секілді.
Solva Group Ltd. бас директоры Константин Барабанов құзырлы ведомствоның теріс шешіміне қатысты пікір білдірді.
"БАҚ өкілдері мен әріптестеріміздің біздің жағдайымызға көңіл бөліп, қолдау білдіріп жатқандары үшін алғыс айтамыз! Бұл жұмысымыздағы қалыпты жағдай – реттеуші орган құжаттарды заңнамада белгіленген мерзімде қарастырады, егер өтінім берген тарап, яғни біз, барлық ескертулерді дер уақытында реттеп үлгермесек, реттеуші органның өтінішімізді қабылдамаудан басқа амалы жоқ. Дегенмен біздің ЕДБ-ға айналуға қатысты жоспарымыз өзгерген жоқ, құжаттарды реттеп, жақын арада өтінішіті қайта жолдаймыз", — деді ол.
KASE мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша "Онлайн Қазқаржы" МҚҰ акцияларының 75%-ы "SOLVA CAPITAL" ЖШС-ға, 13%-ы SOLVA Group LTD жекеменшік компаниясына, 12%-ы Neo Crystal Holdings Ltd жекеменшік компаниясына тиесілі. "Борис Батин мен Александр Дунаев МҚҰ-дағы ең ірі үлестерге ие", делінген МҚҰ-ның 2023 жылғы аудит есебінде.