Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Dalanews 04 мая 2018 11:38 1276

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай соғыс және еңбек ардагерлері үшінсалтанатты қабылдау өткізді. Оған 200 ардагер шақырылды. Құрметті қонақтардыТалдықорған әскери гарнизоны оркестрінің әскери маршымен қарсы алып, оларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Фойеде ардагерлерге арналған фотостудия  ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.



Кездесу Жеңіске арналған деректі фильм көрсетуден басталды. Ардагерлерді құттықтаған облыс әкімі А. Баталов майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің бүгінгі бейбіт өмірге жету жолындағы үлкен үлесін ерекше атап өтті.

Құрметті  ардагерлер! Баршаңызды алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңыз бен тұрмыстарыңызға қамқорлық көрсету – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерінің бірі. Денсаулықтарыңыз күтімде, ғұмырларыңыз игілікті болуы үшін, аман-есен ортамызда жүріп, елдің өсіп-өркендегеніне куә болуларыңыз үшін біз барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Еліміздің бүгінгідей жетістіктерге жетуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сырттай бақылап, қажет жерінде ақыл қосып, үнемі қолдап отырасыздар, сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық тілеймін, 100 жаспен шектелмей одан да ұзақ ғұмыр кешіңіздер, деді А. Баталов.

Өз кезегінде ардагерлер – Еңбекшіқазақ ауданынан Солтанбай Жарықбасов, Сарқан ауданынан Берлібек Ысқақов, тыл еңбеккері, Балқаш ауданынан Бейсенбек Төстікбаев сөз алып, қатарластарына ізгі тілектерін жеткізсе, соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал көпшілікке бата берді.

Мерекелік шара концерттік бағдараламамен жалғасты.

Жалпы бүгінде Жетісу жерінде 138 Ұлы Отан соғысының ардагері, 12 мыңға жуық тыл еңбеккері бар.9 мамыр Жеңіс күніне  облыстық бюджеттен әрбір соғыс ардагеріне 150 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді.Ардагерлерге және басқа да санаттағы азаматтарға шипажайларға тегін емделуге биылғы жылы 187,5 млн. теңге қаржы бөлінді.Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерін қосалқы және көмекші құралдармен қамту үшін бюджеттен 2 млрд. 830 млн. теңге, ал коммуналдық қызметтерге 16 млн. теңге қаржы қарастырылған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости