Амандық Баталов ардагерлерді арнайы барып, құттықтады

Dalanews 04 мая 2018 11:32 1029

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері Әбіш Ошақбайұлы, Алтынай Есболатова, Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалдың үйлеріне арнайы барды. Ардагерлерді құттықтап, гүл шоқтары мен мерекелік сыйлықтар тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.



Облыс әкімі А. Баталов құттықтауын 96 жастағы Әбіш Ошақбайұлының шаңырағынан бастады. Ардагер майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Майдандағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Қариямен әңгімелескен Амандық Баталов ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Ардагерге арнап қала мектептерінің оқушылары Отан, ерлік жайлы өлеңдер оқыды.

Мұнан соң облыс әкімі «Паравоз апа» атанып кеткен Алтынай Есболатованы мерекесімен құттықтауға барды. Матай стансасының тумасы Алтынай апа соғыс кезінде әскери поезда машинист болған.

Майдандағы жылдарды есіне алған Алтынай апа жеңіске жеткізген Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен бірлік екенін атап өтті. Бұл құндылықтар әлі де өз бағасын жойған жоқ. Өзін құттықтауға келген оқушыларға қарата да ардагер өз тілегін жеткізді:

– Ең бастысы – жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, ата-аналарыңның қуанышы, Отанның тірегі болыңдар. Білім – барлық игіліктің кілті. Қолда бар нәрсені қадірлей білу керек, бар мүмкіндікті пайдалана білу керек. Балалардың біз көрген қиындықты көрмей, болашақтары жарқын болуын тілеймін! – деді Алтынай апа.

Сөзін жалғастырған ардагер:

– Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазір халық бейбітшілік пен  тыныштықта жақсы өмір сүріп жатыр, киімі көк, қарны тоқ. Сондықтан Елбасымызға ризамын. Барлығыңа зор денсаулық тілеймін, – деді.

Бұдан әрі құттықтау Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалдың үйінде жалғасты. Майдан даласындағы ерлігі ескеріліп, Сәрсенбай қарияға І және ІІ дәрежелі Ұла Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін» медалі және басқа да наградалар берілген. Сонымен қатар ардагер бейбіт өмірдегі еселі еңбегі үшін де бірқатар марапаттарға ие болған.

– Сізді Жеңіс күнімен құттықтап, өзіңізге, жақындарыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Біз әрқашан ардагерлерге қамқорлық көрсетіп, қолдап отырамыз. Бұл – Президентіміздің мемлекеттік саясатындағы басым бағыттарының бірі, - деді А. Баталов.

Өз кезегінде Сәрсенбай ақсақал да ризашылығын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.



 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости