ШҚО-да сумен және жылумен қамту жүйелері жаңғыртылып жатыр

Dalanews 30 нояб. 2023 08:12 948

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі 356 ауылдың 334-і таза суға қол жеткізіп отырғанын айтты.


- Ауызсумен қамтамасыз етілмеген 22 ауыл қалады. Оның 9-ы биыл суға қол жеткізсе, қалған 13 ауылдың мәселесі екі жыл ішінде шешіледі. Осылайша, 2025 жылға қарай облыстың барлық ауылдары сумен қамтамасыз етіледі, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.


Сонымен қатар өңірдің жылумен жабдықтау жүйесі 3 ірі ЖЭО және 32 шағын қазандықтан тұрады. Өткен жылыту маусымы Риддер ЖЭО-дағы апаттан басталды, апат салдарынан қаланың 50 мың халқы жылусыз қалды.


- Үкіметтің қолдауымен өте қысқа мерзімде біз 6 қазандық агрегатына жөндеу жүргізіп, жылу беру маусымын уақтылы бастадық, - деп атап өтті ШҚО әкімі.


Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 16 мердігер ұйым жұмылдырылды, 500-ден астам адам тартылды, олар 2 ауысымда тұрақты жұмыс істеді.


Естеріңізге сала кетейік, 12 қазанда Риддер ЖЭО қалалық коммуналдық меншікке қабылданды.


Рекомендовать
Последние новости