ШҚО-да студент-жастар Тәуелсіздік күніне орай ауқымды концерт ұйымдастырды

Dalanews 15 дек. 2021 10:27 731

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қонақтарына тәуелсіз, егемен елдің қалыптасу жолы туралы концерттік бағдарлама көрсетілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концерттік бағдарламаның қонақтары қатарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысы Ерлан Жалмағамбетов, ШҚО бас имамы Ермек Мұқатай, Өскемен қаласының прокуроры Ерлан Бұланбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бірінші орынбасары Жігер Байділдин, Өскемен қаласының мәслихат депутаты Арайлым Есімбекова бар.

Мерекелік іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында байқауға қатысқан студенттердің үгіт-насихат плакаттары көрсетілді. Сондай-ақ, студенттер арасында "Менің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сөзім" атты үздік эссе байқауы өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауда 60-тан астам жұмыс сыналды. Студенттер өз туындылары арқылы болашағына сыбайлас жемқорлық қаупі төнуі мүмкін екенін көрсетуге тырысты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды

Одан әрі іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Шарада Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлегенов құттықтау сөз сөйледі.

– Күн сайын біз мемлекетіміздің қарқынды дамып келе жатқаныа куә болып жүрміз. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, қазақ халқының бостандық туралы ғасырлық армандарын жүзеге асырды. Халық алғаш рет өзінің мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік алды. Бүгінде республиканың әрбір азаматы өз тәуелсіздігін мақтан тұтады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сындарлы саясатының және барша қазақстандықтардың ынтымақты еңбегінің арқасында елімізде жалпыұлттық идеяның маңызды құрамдас бөлігіне, қоғамдағы келісімнің негізіне айналған кең ауқымды реформалар мен қайта құрулар табысты жүргізілді. Мен ЖОО-ның соңғы үш жылдағы жетістіктеріне тоқталғым келеді. Университетте білім алатын студенттер саны екі есеге артып, саны 8 мыңға дейін өсті. Университеттің 70 жылдық тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраны аштық. Жыл сайын әлеуметтік жағдай жақсарып келе жатқандығын айтқым келеді. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген.

Amanzholov University студенттері өз билері, әндердері, өлеңдері арқылы Тәуелсіздіктің қалыптасу жолын көрсетуге тырысты. Сондай-ақ, нөмірлерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана көреген саясатының арқасында ел отыз жыл ішінде заманауи экономикасы бар табысты мемлекет болып, тұтастықты, халықтың бірлігін сақтай алғанын көрсетті. Көпшілікке Абай Құнанбаевтың сахналық бейнесі ұсынылып, сахнадан ұлы ойшылдың сөздері оқылды. Академиялық ұтқырлық аясында Amanzholov University-ге келген әлемдік деңгейдегі хор музыкасы саласындағы ірі сарапшы Раса Гельготиене студенттермен бірге "Вей, ветерок" латыш халық әнін орындады.

Ауқымды концерттің қонақтары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері мен ұжымына алғыстарын білдірді.

- Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – ғылым мен білім сапасын арттыру және дамыту. Сіздердің университеттеріңіз жыл сайын дамып келе жатқанын көру өте қуанышты жәйт. Баршаңызға алдағы уақытта табыс пен бақ-береке тілеймін,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбетов.

Мерекелік шара аясында оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен, "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" және Сәрсен Аманжолов атындағы медальмен марапатталды.

Рекомендовать
Последние новости