Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таразыланды.
Республика облыстары мен қалаларының экономика саласындағы негізгі көрсеткіштерінің даму динамикасында Шымкент қаласының барлық көрсеткіштерінде өсім динамикасы бар екендігі баяндалды.
Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев: "Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда", - деді.
Оның ішінде биылғы жылдың қаңтар-шілде мерзіміндегі аралықта былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Шымкент қаласының
- өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіші 104,8 пайызға,
- ауылшаруашылығы саласы - 103 пайызға,
- құрылыс жұмыстары - 114,6 пайызға,
- пайдалануға берілген үйлер көлемі - 107,9 пайызға,
- сауда саласы - 104,2 пайызға,
- көлік саласы - 103 пайызға,
- жеке инвестиция тарту көлемі - 149,5 пайызға артқандығы атап өтілді.
"Шымкент қаласының кен өндірісімен байланысты емес салалар бойынша инвестициялық белсенділігі 22,8 пайызға жеткендігі айтылып, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өндірісі, байланыс және ақпарат, ауыл шаруашылығы, сауда, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік салаларында оң даму көрсеткіштері қалыптасқан. Бұл көрсеткіштен қаламыз 3-ші орынға тұрақтаған", – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Құрылыс саласында Шымкент қаласы үздік бестіктің қатарына еніп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 14,6 пайызға өскен.
"Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде қалыптасқан оң динамика шаһар экономикасының тұрақты өркендеуіне негіз болып, даму жоспарында қамтылған міндеттерді табысты іске асыруға кепіл болмақ", – делінген хабарламада.