Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасына жүгінді.
Бүгінде, өкінішке қарай, екпе салдырмаған азаматтардың жұмысқа барғанын анықтаудың бірыңғай алгоритмі жоқ. Бұл фактілерді кім және қалай анықтайтыны белгісіз. Сонымен қатар, ерекше жағдайлар бар - соңғы 3 айда COVID-19 жұқтырып ауырған адамдар, медициналық рұқсаты бар азаматтар жұмыс орындарына жіберіледі.
Мұндай тұлғалар туралы мәлімет көрсетілген ақпараттық база жоқ. Бұл мәселе де ашық күйінде қалып отыр.
Мұның бәрі кәсіпорындарда вакцинацияланбаған фактілерді анықтау үшін ескерілуі керек, – деп түсіндірді "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Өстеміров.
Ұлттық палата бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен пысықтауға дайын. Біздің міндетіміз – адал кәсіпкерлерге қатысты заңбұзушылыққа, тексеруші және мониторинг топтар тарапынан заңбұзушылыққа жол бермеу.
Бас прокуратурадан ресми жауап келді.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аталған 425 және 462-баптарында вакцина салдырмаған қызметкерлер үшін жауапкершілікке тарту қарастырылмаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, субъект өзіне заңды негізде берілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің актілерін орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Мұндай актілер тексеру жүргізген жағдайда беріледі. Кәсіпкерлік кодекстің 143-бабы 3-тармағына сәйкес, тек тексеру парақтарында белгіленген талаптар бойынша субъектіге (объектіге) барып, тексеру және бақылау, қадағалауға болады...
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық денсаулығы саласындағы тексеру парақтарында екпе егу талабы қарастырылмаған", – делінген ведомствоның ресми хатында.
"Сонымен, қызметкерлердің вакцина салдырғанын тексеру үшін құқықтық негіз жоқ", – деп мәлімдеді Ербол Өстеміров.
Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жаза қолдануға негіз жоқ, өйткені Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы Нормативтік құқықтық акт болып есептелмейді және заңнамаға қолданылмайды.
"Мұны Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Бас прокуратура қызметкерлері растады", – деді Ербол Үстеміров.
Мониторинг топтарға келетін болсақ, олар тек 5 критерий бойынша (1. жұмыс режимі; 2. отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуді шектеуге қойылатын талаптар; 3. әлеуметтік қашықтық; 4. бетперде режимін; 5. келушілер санының лимитінен асып кетуі) тексеруге құқылы.
"Қызметкерлерді вакциналау мониторинг топ мүшелерінің тексеруіне жататын мәселелер тізіміне кірмейді. Мониторинг топтар тарапынан вакцинация рейдтерін жүргізу заңнамаға сәйкес келмейді", – деп атап өтті Ербол Өстеміров.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының өкілі жұмыс орындарында вакцинацияланбаған фактілерді анықтау алгоритмінің болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Егер сіз заңсыз тексеру фактіне тап болсаңыз, кәсіпорында вакцина салдырмаған қызметкерлер (антиденелері немесе медициналық анықтамасы бар) бар болғаны үшін айыппұл салынса, бірден Өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе прокуратура органдарына хабарласыңыз. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның 1432 кол-орталығына қоңырау шалыңыз.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қызмет көрсету саласының қызметкерлері, сондай-ақ 20-дан астам адам еңбек ететін ірі ұжымдардың қызметкерлері вакцинаның бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, ал екінші компонентін 15 тамызға дейін алуға міндеттелді.
"Атамекен" кәсіпкерлер бұл уақытқа дейін еңбек ұжымдары екпе салдырып үлгермейтінін мәлімдегеннен кейін вакциналау мерзімі: бірінші компонент үшін 10 тамызға дейін және екіншісі үшін 1 қыркүйекке дейін ұзартылды.
Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдырмаған қызметкерлерді кәсіпорындарға жіберетін жұмыс берушілерге айыппұл салынады деп мәлімдеген болатын.