Шығыста "100 күннің ішінде 10 мың шұңқыр" челленджі басталды

Dalanews 09 дек. 2022 12:59 847

Келесі жылдың көктемінде басталатын челлендж туралы қала әкімі Жақсылық Омар Instagram желісіндегі парақшасында мәлім етті.

«Жыл басынан 36 көшенің жолы толықтай жөндеуден өтті. 4 жыл бұрын орталық көшелердегі шұңқырларды бітеу әдісінен бас тартып, жолдарды түбегейлі жасап келеміз. Халық арасында «әкім өзі жүретін жолдарды ғана жөндейді» деген қате пікір бар. Қай көшенің жөнделетінін комиссия шешеді», - деді қала басшысы.

Өз сөзінде әкім орталық көшелер мен даңғылдардың не себепті бірінші кезекте жөнделетінін түсіндірді.

«Себебі бұл жолдарда автобустар мен көліктер көп жүреді. Алдағы уақытта осы комиссия жұмысын әлеуметтік желіде жариялап отырамыз. Келесі жылы комиссия шешімі шыққан соң «Кептеліссіз қала» жобасы аясында жолдарды жөндеп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырамыз», - деді Жақсылық Омар.

Оның айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – көктемдегі жол шұңқырлары. Бұл қаланың қатаң климатының әсерінен болатын түйткіл.


«Сондықтан келесі жылдың көктемінде «100 күннің ішінде 10 мың шұңқыр» челленджін қолға аламыз. Шаһар тіршілігіне бей-жай қарамайтын азаматтардан көшелеріндегі шұңқырларды фотоға түсіріп, мекенжайын Telegram желісіндегі каналға жіберуді сұраймыз. Біздің коммуналдық қызметтер олқылықты бірден түзететін болады», - деді қала басшысы.

Айта кетейік, бүгінде Өскемендегі 124 мың отбасында 226 мың көлік бар.

Рекомендовать
Последние новости