Шерзаттың өлімі: Талғарлық “Хутор” бандасының оқиғаға қандай қатысы болуы мүмкін?

Қаракөз Амантай 11 окт. 2024 14:10 9702

Әлемжеліде Шерзатқа, оның әкесі мен ағасына шабуыл жасаған жігіттердің “Хутор” атты жергілікті қылмыстық топпен байланысы бар деген ақпарат желдей есуде. Топтың басшысы Хасан есімді азамат көрінеді. Көптің айтуы бойынша, ол Талғар ауданын үрейде ұстап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

@abdulla_kz_kz паблигіне хабарласқан белгісіз адамның сөзінше, шамамен 40-50 жастағы Хасанның қол астында бүкіл қылмыстық топ жұмыс істейді. Олар қарақшылықпен айналысып, жаңа бизнес нысандарын қорғаймыз деп уәде беретін көреді.

"Жақында Шерзаттың әкесі қала орталығындағы наразылық кезінде орган қызметкерлерінен Хасанның бір інісін ұстауды сұраған болатын (видеоға түсірілген). Алайда марқұмның әкесі жеті күдіктінің бірін айтып отыр ма, әлде бостандықта жүрген басқа адамдарды меңзеп тұр ма, әзірге белгісіз",- дейді Holanews.kz агенттігі. 

“Время” басылымының жазуынша, талғарлық ата-аналар шабуыл жасаған жігіттер “Хуторские бандиты” тобының мүшелері екенін жеткізген. Сондай-ақ болжам бойынша топты үш ағайынды - Хасан, Аслан және Ержан басқаратыны хабарланады. Айта кетейік, Ержан 2017 жылы Алматыда кеден қызметкерін өлтіргені үшін сотталып, әлі күнге дейін түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Holanews.kz мәліметіне сүйенсек, Хасанның екінші бауыры Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімінің аппаратын басқарады.

Бұл іске қатысты Алматы облыстық полиция департаменті Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатты өлтірді деген күдікпен ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық топқа еш қатысы жоқ екенін және ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров мәлімдеді.

"Ұйымдасқан қылмыстық топтың не екендігі туралы нақты түсінік беретін бап бар. Ол үшін ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше рет қылмыс жасаған болуы қажет. Бірақ мұнда бір ғана оқиға. Әлеуметтік желілерден "Хуторскийлер" туралы ақпаратты да көрдік. Егер сіз Талғар ауданында тұрсаңыз, кеңес заманында осылай аталған "Хуторская" ауданы туралы естіген шығарсыз. Қазір қателеспесем, "Бірлік" деп аталады. Барлық тұрғындарды осы қылмыстық топтың мүшесі болды деп айта алмаймыз. Бізде мұндай қарақшылар мен топтар жоқ", – деді Шалхаров.

Департамент басшысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ақпаратты таратуға тыйым салатын қылмыстық-процестік кодекстің бабына сілтеме жасап, қамауға алынғандардың жеке басы туралы ақпарат беруден бас тартты. Алайда ұсталған жігіттердің әлеуметтік желіде айтылғандай құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен сотта жоғары лауазымды қызмет атқаратын адамдардың балалары емес екенін атап өтті.

Полицейлер күдіктілерден үш пышақ (екі асхана пышағы, бір қалта пышағы) мен тіркелмеген қару тәркілеген.

Шалхаровтың айтуынша, іс "кәмелетке толмаған адамға қатысты адамдар тобында жасалған кісі өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Сондай-ақ ол желідегі полиция оқиға орнына тым кеш жетті деген ақпаратқа түсініктеме берді.

"Оқиға туралы полицияға сағат 00:40-та қоңырау түсті. Қызметкерлер оқиға орнына 9-10 минутта жетті, яғни стандартқа сай. Дегенмен, ішкі тексеру жүргізіледі", – деді Серік Шалхаров.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.


Рекомендовать
Последние новости