Бүгін марқұм Шерзат Болаттың отбасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті. Аталған оқиғадан кейін Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми дерекке сүйенсек, сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған. Айтуларынша, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ол полиция бөлімінде. Олардың сөзінше, Нұрымовпен психологтар жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгін аяусыз өлтірілген жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап еткен болатын.
“Оның бір ғана талабы бар – құқық қорғау органдары ұлы мен бауырының өліміне қатысты жағдайды адал тергесе болды”, – деді KazTAG редакциясына қоғам қайраткері Дінмұхамед Қаматай.
Қоғам белсендісі Нұрымовтың жүк көлігінің төбесіне шығып, журналистермен кездесуді күтіп отырғанын жеткізді. Айтуынша, оқиға орнында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат ауылында, көптеген күштік құрылым өкілдері, сондай-ақ марқұм жасөспірім мен оның ағасының туыстары, сонымен қатар басқа да азаматтар жиналған.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова жасөспірімнің ағасының өлі табылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растады. "Чемодан госсекретов" телеграм-арнасында “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған.
"Марқұмның тергеу барысында берген жауаптарынан оның қатты қобалжығанын, інісінің өліміне өзін кінәлі деп санағанын байқауға болады. Суицид жасауының да себебі сол болуы мүмкін", делінген телеграмдағы жазбада.
Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны жоққа шығарған еді.
Ал бұған дейін Шерзат Болат тарапының қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын айтқан еді.
“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - деген еді адвокат.