Орамал дауы: Хиджаб киген қыздардың ата-анасы сотта жеңіп шықты

Қаракөз Амантай 06 дек. 2024 09:35 2104

Орамал таққан қыздардың ата-анасы оларды сабаққа кіргізбеген мектепке қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Жоғарғы сот жалпы білім беретін орта мектепке балаларын хиджаб кигені үшін сабаққа кіргізбеу әрекетін заңсыз деп тану туралы ата-ананың шағымы бойынша әкімшілік істі қарады. Жоғарғы сот апелляциялық инстанцияның қорытындысымен (СМАС шешімінің күші жойылып, шағым қанағаттандырылды) келісті, өйткені білім алу құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі”, – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Казтаг редакциясына.

Осындай шешімдер Атырау, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарының соттарында да қабылданған.

Алайда сот алқасы білім беру мекемелерінде жалпы хиджаб кию мәселесін талқыламағанын атап өтті.

“Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту құқығы бейінді министрлікке берілген. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған. Ата-аналар мектептің жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті”, – деп еске салды Жоғарғы сот.

Соттың баспасөз қызметі бұл істің қай өңірге қатысты екенін нақтыламады. Бұған дейін қыркүйек айында осындай оқиға тіркелгені хабарланған болатын.

Айта кетейік, қыркүйекте Жоғарғы сот мектепте орамал тағу төңірегінде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Ақпаратқа сүйенсек, Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуға салынған тыйымды алып тастаған жоқ.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде "Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты" деген жалған ақпарат тарап жатыр. Істі қарау аясында Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған", - деп жазылған хабарламада.

Яғни министрліктің мектепке хиджаб киіп баруға қатысты тыйымы күшін жоймаған.  

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға жауапты екенін мәлімдеді.

"Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауапкершілікке әкеп соғады", - деп жазылған хабарламада.

Жоғарғы соттың мұндай мәлімдеме жасауына күні кеше БАҚ беттерінде тараған ақпарат себеп: онда енді оқушы қыздар мектепке хиджаб киіп бара алатыны айтылған. 


Рекомендовать
Последние новости