Air Astana компаниясында 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған

Қаракөз Амантай 05 дек. 2024 11:32 1510

Air Astana әуе компаниясында 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру схемасы әшкереленді. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Air Astana компаниясында 1 млрд теңгеден астам қаражаттың жымқырылғаны анықталды. Бұл сома соңғы үш жылдағы аудит барысында белгілі болды. Тексеруді “Ernst & Young” ЖШС мамандары жүргізген. Олардың дерегінше, белгісіз тұлғалар әуе билеттерін брондау бойынша ақпараттық жүйеге өзгерістер енгізіп, компания мүлкін талан-таражға салған. Аудиторлық есепті алғаннан кейін Air Astana басшылығы құқық қорғау органдарына жүгінді”, — дейді журналист.

Оның сөзінше, авиакомпания өкілі Ерболат Сүгіірбаев осы іске қатысты арыз жазған.

“Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (“аса ірі көлемде ақша жымқыру”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – деп жазды Козачков Telegram-арнасында.

Оның айтуынша, келтірілген залал сомасы 1 054 740 000 теңгені құрайды.

“Бұл ауыр қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әдетте, мұндай істер кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына қатысты тергеледі. Сондықтан ұлттық әуе тасымалдаушысының кейбір топ-менеджерлері сот алдында жауап беруі мүмкін”, – деп толықтырды Козачков.


Рекомендовать
Последние новости