Семейде жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» және «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік байқау-көрмелері өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Абай облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған екі жоба да өңірдегі шағын бизнесті дамытуды, жергілікті ресурстарды тиімді пайдаланып, сапалы өнім өндірушілерді анықтауды және олардың нарыққа шығуын қолдауды көздейді.
Көрменің ашылуына қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жергілікті бизнестің өңірдің дамуына қосатын үлесі зор екенін ерекше атап өтті.
«Абай облысының кәсіпкерлері осы байқауға жыл сайын зор қызығушылықпен қатысып келеді. Биыл өңірімізден барлығы 13 кәсіпкерлік субъектісі, яғни жеке кәсіпкерлер мен компаниялар ниет білдіріп, ресми түрде қатысушылар тізіміне енді. Бұл – өңірімізде сапалы өнім шығарып отырған кәсіпкерлер қауымының белсенділігін, өз ісіне деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде «Мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды», – деп атап өткен болатын. Сондықтан Абай облысының әкімдігі тарапынан бизнесті дамыту мен қолдау бағытындағы алдағы уақытта да жұмыстар жалғаса береді. Біз әрқашан сіздердің серіктестеріңіз болуға, сондай-ақ бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелер болса, оларды тез арада заң аясында шешуге дайын екенімізді жеткізгім келеді. Сіздерге бүгінгі байқауда сәттілік тілеймін! Еңбектеріңіз лайықты бағаланып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылсын», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі көрмені аралап, қатысушылардың өнімдерімен танысты. Әр павильонға арнайы тоқтап, кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсынылған тауарлар мен жобалар туралы пікір алмасты.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына биыл облыс бойынша 42 өтінім қабылданды. Қатысушылардың басым бөлігі Семей қаласынан (34 адам), қалған 9-ы – аудандардан. Жобаға қатысушылар тамақ өнеркәсібі, ұлттық нақыштағы киім, қолөнер бұйымдары, саз және былғары заттар, табиғи сабын, ағаштан жасалған бұйымдар, бөдене еті мен жұмыртқасы, сондай-ақ шөптен дайындалатын тұнбалар бағытында өнім ұсынды. Жоба аясында қатысушыларға кеңес беру, оқыту, логотип жасау, маркетингтік қолдау көрсету және 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа қатысу мүмкіндігі берілді.
Ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесіне облыс бойынша 10-нан астам кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Кәсіпкерлер өз өнімдерін үш номинация – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша ұсынды. Сараптамалық топ барлық қатысушылардың өнімін бағалап, үздіктерін іріктеді.
Екі жоба бойынша жүлделі орын иеленгендер Астана қаласында өтетін республикалық көрмеге жолдама алады.
Айта кетейік, 2023 жылы облысымыздың «UK UNIS» ЖШС шұлық-тоқыма фабрикасы республикалық байқауда жеңімпаз атанды. 1 387 қатысушының ішінде үздік тоғыздыққа енген осы кәсіпорын төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» белгісін қолдану құқығына ие болды.