Биыл ауа райының қолайсыздығы мен зиянкестердің көбеюі күнбағыс майының қымбаттауына әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Май өндірушілердің айтуынша, былтыр қыркүйектен бері күнбағыс тұқымының бағасы 66 пайызға өскен. Тиісінше, өсімдік майының бағасы да кем дегенде жартысына қымбаттауы тиіс еді. Алайда отандық өндірушілер бұл өсімді ішкі нарыққа емес, шетелге жоғары бағамен экспорт жасау арқылы ұстап отыр.
"Дизель отыны қымбаттады, жалақы да өсті – мұның бәрі күнбағыс өсірудің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Биыл түрлі зиянкес қаптады. Жыл соңына дейін өсімдік майының бағасы кем дегенде 40–50 пайызға өседі деп болжап отырмын", – дейді аграрлық сарапшы Кирилл Павлов.
Қазіргі таңда майдың ең арзан бағасы – литріне 700 теңге. Ал Қазақстанда күнбағысты егуден бастап, май өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті жолға қойған жалғыз ауыл шаруашылығы кооперативі – "Ертіс-Агро". Олар делдалдарды алып тастау арқылы бағаны 500–600 теңгеге дейін төмендетуді көздеуде.
"Танапта күн-түн демей еңбек ететін шаруаға белгіленетін сатып алу бағасы, өкінішке қарай, нарық заңдылығына сай емес. Ал өңдеушілер: "Бізде шикізат тапшы", – дейді. Неге? Себебі өндіріс пен өңдеу арасында нақты байланыс жоқ. Дұрыс құрылған бизнес-үдеріс жоқ, – дейді "Ертіс-Агро" және Павлодар облысы фермерлер қауымдастығының төрағасы Ерлан Тоқтұшақов.
Оның айтуынша, кооператив құрамына тек май өндірушілер мен диқандарды ғана емес, сонымен қатар элеваторлар мен логистикалық компанияларды да біріктірсе, бағаны төмендетуге болар еді. Алайда бұл қадамға қолданыстағы заңнама мүмкіндік бермейді.
"Қазіргі заң бойынша, кооперативтің құрамына тек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ғана мүше бола алады. Ал қажетті шикізат жеткізушілер заң бойынша кооперация жүйесіне кіре алмайды. Бұл — дамыған елдердің бәрінде шешімін тапқан мәселе", – дейді ол.
Аграриялар қаржыландырудың жеткіліксіз екенін де атап өтті. Қазақстанда астық экспортына субсидия қарастырылса, май экспортына ешқандай қолдау көрсетілмейді. Бұл да саладағы теңгерімсіздіктің бір көрінісі.