Саиров Назарбаев әулетінің соңына түсті

Dalanews 16 мар. 2023 09:53 1337

Қазір ғана «Аманат» партиясының белді өкілі, экс-депутат Ерлан Саиров өзінің Фейсбуктағы парақшасына «Болат Назарбаев Алматы ауыр машина жасау зауытының 31,9% акциясын мемлекетке қайтарады» деп жазба қалдырды.

Иә, Бөкең ағасы ел басқарып тұрғанда талай дүниені атына жазып алғанын жұрттың бәрі біледі. Ескі Қазақстанда бұл кісілерге «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмады ғой.

Сондықтан көпшілік Болат Назарбаевтың ағасының беделін пайдаланып, атына жазып алған дүние-мүлікті мемлекет меншігіне қайтарғанын қолдайды.

Осы бір жаңалықты сүйіншілеп көпшілікке жеткізген Ерлан Саиров мырзаға рахмет.

Бірақ Ерекең жариялаған бір ауыз ақпараттың астында халық «Болат Назарбаев рейдрлік жолмен алған дүниесін қайтара салып, жүре бере ме?» деп экс-депутатқа сауал да жолдапты.

Осы сұрақты «Аманат» партиясынан депутаттыққа үміткер Ерлан Саиров жоғары билікке қойса қандай жақсы болар еді.


Өйткені Ерекең еліміздің қоғамдың-саяси өмірінде өз орыны бар азамат емес пе?

«Болат Назарбаевтың дүние-мүлкі мемлекет меншігіне қайтты» деп кез келген адам екі ауыз пост жазып, хабар тарата алады.

Ал Ерекеңнің жоғары жаққа «Зауытты қалай қайтардыңдар? Бөкең мемлекет меншігін меншіктегенде заң бұзды ма?» деген сауалдарды ашық қойып, жауап алатын мүмкіндігі де, абырой-беделі де бар ғой.

Тоқаевқа Жаңа Қазақстанның қабырғасын қаласып жүрген Ерлан Саиров дәл осы істің соңына түсіп алғанын халық та қалайтыны анық.

Құзырлы орындардың Бөкеңнің атына жазылған акцияны мемлекетке күні кеше ғана қайтарғанын білеміз.

Демек, алдағы уақытта «Аманаттың» жампозы Ерлан Саировтан осы істің соңына түсіп, кең көлемді ақпарат беріп қалар деп те үміттенеміз (енді Саировтың парақшасын аңдып отырамыз).

Сол кезде Саировтың халық алдында беделі өсіп, осы бір іспен-ақ тарихта аты қалар еді.

Әйтпесе мұнай екі ауыз сөз ақпаратты «Аманаттың» баспасөз қызметінде істейтін қыз-жігіттер де таратады ғой.

Сонықтан Ерекеңнен кесек дүние, Болат Назарбаев ісіне қатысты терең зерттеу күтеміз.  


Сол кезде Ерекең, ел сыйлайтын мықты саясаткерге айналатыны анық.

Ерлан мырза, Бөкеңнің соңына түсіп, ішкен-жегендерін құстырып, заң алдында жауапқа тартқанша тоқтамаңыз.

Өйткені сіз масштабыңыз ауқымды, саяси келешегіңіз зор азаматсыз ғой. Сайлау өткен соң осы істі дереу қолға алыңыз, халық сізге қолдау көрсетеді.

Рекомендовать
Последние новости