Ел «Шаншар» әзіл-сықақ театры әртісінің электрондық кезек талонын ұсынып, ақпараттық анықтамаларды беруіне тәнті болды. Бір күн азаматтық үкімет маманы атанған актердің өзі де, саланы жетік меңгеріп алғанына дән риза.
Ғалымжан Қалыбай, актер: «Саханада бір басқа, ал мына халыққа қызмет көрсету орталығында әрбір азаматты қабылдап, мәселесін шешуге ықпал жасау өте қиын. Мұнда 600-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Енді сабылмай бір жерден тез арада барлық қызмет түрлерін пайдалана аласыз. «Мобильді қосымшамен» үйде отырып, сахнада тұрып барлық мәліметті ала аламын».
Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дина Исламбекова да рингті қызмет көрсету залына алмастырды. Ол өз жерлестеріне кеңес беріп, орталықтың жұмыс істеу ережесімен таныстырды. Былғары қолғап шеберінің қолынан талон алған Ұмсынай Юлчиева алғысын айтты.
Ұмсынай Юлчиева, Манкент ауылының тұрғыны: «Бұрын бір қағаз үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын едік. Шымкентке дейін баратынбыз. Енді міне өзіміздің Ақсукентте халыққа қызмет орталығы ашылды. Бір жерден барлық тірлігіңді бітіресің».
«Жұлдыздың халыққа қызмет көрсету орталығындағы бір күні» акциясы мемлекеттік корпорацияның барлық филиалдарында өтіп жатыр. Өнер майталмандары мен спорт шеберлері Цифрлық Қазақстан бағдарламасы аясында электрондық қызметтерді халық арасында кеңінен насихаттап жүр.