Сарапшы KASE-дегі дивиденттері бойынша көшбасшы компанияларды атады

Кәмшат Тілеухан 14 авг. 2025 16:34

"Болашақ қарқын қазақстандық компаниялар IV тоқсан мен өткен жыл үшін есеп бере бастаған кезде, яғни ақпан айында айқындала бастайды. Осы кезеңде инвесторлар эмитент қандай дивидендтер төлей алатынын түсінеді. Егер жыл сәтті өтсе, онда ақпан айынан сәуір айының ортасына дейінгі кезеңде көбінесе KASE индексінің жақсы өсімі байқалады, бұл жағдай жоспарланып отырған дивидендтерге акцияларды сатып алуға байланысты. Бұл кезеңді біз дивидендтер маусымы деп атаймыз". Осылай деген Freedom Finance Global компаниясының сарапшысы Аңсар Абуев KASE-дегі дивиденттері бойынша көшбасшы компанияларды атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, 2017 жылдан 2025 жылға дейін дивидендтер маусымында KASE индексі орта есеппен 4,2% өсті. Әрине, баға белгіленімдері төмендейтін жағдайлар да болып жатады, алайда мұндай себептер бірдей болуы мүмкін, азайтылған және толығымен жойылған дивидендтердің тәуекелі инвесторлар үшін жағымсыз фактор ретінде әрекет етеді.

"Мұндай кезеңдерге мысал ретінде 2020 жыл болып саналады, ол кездері коронавирус індеті нарықтағы орталық дивидендтік компаниялардың көбінде төлемдердің жойылуына/ауысуына себеп болды. Осыған ұқсас жағдай 2022 жылғы ақпанда Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталуына байланысты нарық дүдәмал күйге тап болған кезде болды. Екі жағдай да нарық үшін "қара аққулар" деп аталатын қалыптан тыс дүние болып табылады. Егер осы екі жылды ретроспективті статистикадан алып тастаса, онда 2017 жылдан 2025 жылға дейін дивидендтер маусымында KASE индексінің орташа өсімі 7%-ды құрайды", - дейді Аңсар Абуев.

Ол жергілікті инвестор үшін дивидендтік төлемдер акцияларды таңдаған кезде маңызды факторлардың бірі болып қала беретінін айтады.

"Біз, көбінесе акциялар дивидендтердің кірістілігі күтілгеннен жоғары өсетін жағдайларға тап боламыз және керісінше, акционерлер тізілімі бекітілгеннен кейін акциялар құны үлкен мөлшерге түседі. Дивидендтерден, тіпті кірістілігі жағынан үлкен емес дивидендтерден бас тартса, қағаздардың тартымдылығын, тіпті, былтыр Air Astana-да болған сияқты, нашар деңгейге дейін азайтады. Сондай-ақ, компания дивидендтік төлемдерді күрт азайтқаннан кейін инвесторлардың нарықтағы бір кездері үздік болған дивидендтік акция болған ҚазТрансОйл акцияларына қарым-қатынасы қатты өзгерді", - дейді ол.

Нарықтың дивидендті көшбасшылары

KASE индексіндегі 10 акцияның 8-і дивиденд төлейді. Атап айтқанда, олар: Halyk Bank, KEGOC, Air Astana, ҚазМұнайГаз, Kaspi.kz, Қазатомөнеркәсіп, Қазақтелеком және ҚазТрансОйл. Банк ЦентрКредит әлі төлем жасаған жоқ, ал Kcell 2021 жылдан бастап дивидент төлеуді тоқтатты.

Айта кетсек, акциялардың дивидендтік кірістілігін директорлар кеңесінің ұсынымы жарияланған сәтте акционерлердің жылдық немесе кезектен тыс жиналысында төлемдер бекітілген сәтте немесе дивидендтер тізілімін бекітпес бұрын бағалауға болады. 

"2024 жылғы шілдеден бастап 2025 жылғы 30 маусымға дейін KASE индексіндегі Қазақтелеком кірістілігі 16,64%-ды құрайтын акциялары ең жоғары көрсеткішке ие. Алайда, бұл арада мына маңызды жайтты ескеру керек: Қазақтелеком акционерлердің жылдық жалпы жиналысында 26 664,88 теңге мөлшерінде жоғары арнайы дивидендтерді бекітті, бұл жағдай Altel және Tele2 сынды екі ұялы операторын сатқаннан кейін қаражатты бөлуден туындауда әрі ол былтырғы төлемдерден 12 есе көп. Мұндай дивидендтердің бір реттік сипатына байланысты осы төлемге дейінгі кірістілікті негізге алу қисынды болады, ал ол 3,6%-ды құрайды", - дейді Freedom Finance Global сарапшысы.

Сарапшы жоғары дивидендтік кірістіліктің тұрақтылығы өздері үшін KASE индексіндегі басымдыққа ие екенін ескере отырып, көшбасшы және ең көп дивидендтік қағаз деп 12,4% көрсеткішпен Halyk Bank (HSBK) акцияларын санайтынын айтады.

"Соңғы 5 жылда банк дивидендтерінің орташа жылдық өсімі 26%-ды құрады. Сонымен қатар, компания былтырдан бастап KEGOC сияқты дивидендтерді жылына 2 рет төлеуге шешім қабылдады. Үздік дивидендтік көрсеткіштерден бөлек, Halyk Bank-тің іргелі көрсеткіштері керемет, мультипликаторлардың тартымды мәндері және акциялардың нарықтық құнының қоры бар, бұл жағдай HSBK акцияларын KASE биржасында ұзақ мерзімді инвестордың үздік әрі таңдаулы портфеліне айналдырады", - дейді ол.

Дивидендтер кірістілігінің мөлшері жағынан екінші орында KEGOC тұр.

"Инвесторлар дивидендтердің жылына екі рет төленетіндігіне байланысты олардың шамасын бірден бағалай алмауы мүмкін, алайда акциялардың 12 айлық кірістілігі Halyk Bank-тен сәл ғана артта қалып, 11,6%-ды құрайды. Бұл ретте, KEGOC аса жоғары баға тұрақтылығымен ерекшеленеді. KEGOC акцияларының KASE индексіне бета коэффициенті (жалпы алғанда нарықпен салыстырғанда акциялардың құбылмалылығын өлшейтін қаржылық көрсеткіш) небәрі 0,43-ті құрайды. Мысалы, егер KASE индексі 10%-ға өссе немесе төмендесе, онда KEGOC-тың акциялары өседі немесе тиісінше 4,3% төмендейді. Жоғары дивидендті кірістілікпен бірге акциялар қорғаныс құралы ретінде ұзақ мерзімді портфель үшін тамаша таңдау. Соңғы 5 жылда акциялардағы дивидендтердің орташа жылдық өсімі 9%-ды құрады", - дейді маман.

Кірістіліктің мөлшері жағынан үшінші орында дивидендтер ретінде таза пайданың 100%-нан астамын төлеген, қазақстандық нарықтың бір кездері "дивиденд патшасы" атанған ҚазТрансОйлдың акциялары орналасқан.

"Мұндай саясат компания қатысқан Халықтық IPO бағдарламасымен байланысты болды. Алайда, 2022 жылы ҚазТрансОйл бір акцияға небәрі 26 теңге төлеп, дивидендтер деңгейін айтарлықтай азайтты. Мәселен, 2015 жылы IPO өткізілген сәттен бастап компания өз акционерлеріне жылына орта есеппен 131,7 теңге төледі. Соңғы бекітілген дивидендтер бір акцияға 65 теңге болды, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 30 маусымға дейін қағаздардың дивидендтік кірістілігі 8%-дан сәл асты", - дейжі Абуев.

Төртінші орынға күтпеген жерден 7,33% көрсеткішпен Air Astana компаниясы көтеріліп отыр. Компания IPO-ға дейін де, одан кейін де өзін дивиденд жағынан таныта алмады, алайда 2024 жылы төлемдерден бас тарту бөлшек инвесторлар арасында акциялардың танымалдылығына қатты әсер етті. Сарапшының айтуынша, биыл компания бір акцияға 53,7 теңге төледі, бұл іс жүзінде жақсы көрсеткіш болып отыр. Осыған қарамастан, бұл акцияларға деген қызығушылықтың қатты артуын тудырмады, нәтижесінде AIRA қағаздары бағасының өсу әлеуеті жоғары ұзақ мерзімді болып саналады.

Қазақстанның қаржылық технология алпауыты саналатын Kaspi.kz акциялары бесінші орынға жайғасқан.

"Жергілікті нарықтағы жалғыз компания тоқсандық дивидендтер төлеп отырады. Айта кету керек, Kaspi Hepsiburada түрік маркетплейсін сатып алуға және дамытуға жұмсалған шығынға байланысты II тоқсандық төлемді өткізіп алғанын ескеру керек. Бұл - өтпелі кезеңдегі қисынды шешім. Айта кету керек, біз клиенттеріміздің дивидендтер төлеуге байланысты жаңалықтарда Kaspi.kz және Kaspi bank-ті шатастырып жататынын жиі байқаймыз. Kaspi bank неғұрлым жоғары төлемдер жасайды, алайда бұл қағаздар нарықта саудаланбайды, ал инвесторларға тиесілі акциялар заңды түрде мүлдем басқа компания – Kaspi.kz-ке тиесілі", - дейді сарапшы.

Қазатомөнеркәсіп дивидендтерді таза пайдадан емес, жедел ақша ағынының 75%-ы формуласына сәйкес төлейді. Соңғы 5 жылда дивидендтердің мөлшері орташа есеппен 30%-ға өсті. Айта кету керек, компания долларлық экспорттаушы, бұл оның кірістерін инфляциядан және теңгенің құнсыздануынан қорғайды.

Қазақтелекомға қарағанда дивидендтерді ҚазМұнайГаз азырақ төлейді. Бір қызығы, қағаздардың дивидендтік кірістілігі төлемдер мөлшерінің азаюына емес (олар мүлдем өзгермейді), компания акцияларының бағасы жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыруына байланысты жыл сайын азаюда. ҚазМұнайГаз IPO-ға 3 жыл қатарынан шыққан сәттен бастап бір акцияға 491,71 теңге төлейді.

"Қазақстан қор нарығы үшін жергілікті компаниялардың дивидендтері аса маңызды құрамдас бөлік болып табылады, кейде акциялардың баға белгіленімдеріне айтарлықтай әсер етеді. Дивидендтер, негізінен, мамырдан маусымға дейін төленеді, бұл жағдай нарыққа жеткілікті инвесторларды тартуға ықпал ете отырып, маусымдық қозғалысты жандандырады", деп сөзін түйіндейді Freedom Finance Global сарапшысы.

Бұған дейін сайтымызда "Депутат миллиардтап дивидент алатын банктердің акционерлеріне де салық салуды ұсынды" деген материал жарияланған болатын.

 


Рекомендовать
Последние новости