"Росатом" санкцияға байланысты Түркия АЭС-тегі үлесін сатпақ

Сағыныш Сардарова 02 июл. 2025 15:41

Ресейдің атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік компаниясы "Росатом" Түркияда салынып жатқан құны 25 миллиард доллар болатын атом электр станциясындағы өз үлесінің жартысына жуығын сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жайында Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпаратты "Росатомның" Аккую АЭС жобасына жетекшілік ететін еншілес компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Антон Дедусенко Стамбулда өткен Атом электр станциялары көрмесі мен саммиті барысында берген сұхбатында мәлімдеген.

"Энергия өндіру кезеңіне жақындаған сайын бұл жобаға қызығушылық білдіріп отырған инвесторлар саны артып келеді", – деді ол.

Айта кетейік, 2018 жылы "Росатом" өз үлесін сатуға талпыныс жасағанымен, ол әрекет сәтсіз аяқталған. Сол кезде түрік компаниялары – Cengiz Holding AS, Kolin Insaat және Kalyon Insaat коммерциялық шарттар бойынша ортақ келісімге келе алмай, жобадан кеткен болатын.

Қуаты 4,8 гигаватт болатын және Түркиядағы алғашқы атом электр станциясы саналатын Аккую АЭС-тің алғашқы энергоблогы қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Ол 2026 жылы электр қуатын желіге бере бастайды деп күтіліп отыр.

"Жыл соңына дейін желіге қосу үшін қажет барлық жүйе дайын болады деп үміттенеміз", – деді Дедусенко.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды. Себебі жуырда ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.


Рекомендовать
Последние новости