Ресейге өтетіндерге жаңа талап: шекарада ұзын-сонар кезек пайда болды

Ақтоты Жапатова 01 июл. 2025 11:00

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы «Жайсан» шекаралық бақылау-өткізу бекетінде Ресей Федерациясының жаңа шекаралық тәртібіне байланысты ұзын-сонар кезек пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен №20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнына жіберіліп, жүргізушілерге жедел көмек көрсетіліп жатыр. Оларға ыстық тамақ пен ауыз су таратылып, алғашқы медициналық және санитарлық көмек ұйымдастырылған. Сонымен қатар, жүргізушілерге ақпараттық кеңес те берілуде.

Кептелістің басты себебі — Ресей шекарасынан визасыз өтетін шетел азаматтарына арналған жаңа тәртіптің енгізілуі. Енді елге кіретін азаматтар сапарға кемінде 72 сағат бұрын немесе 90 күннен ерте емес мерзімде ruID мобильді қосымшасы арқылы өтінім берулері керек. Бұл ереже әзірге ерікті сипатқа ие болғанымен, қосымшаны пайдалануға кеңес беріледі, себебі ол Ресей аумағында мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, SIM-карта рәсімдеу және айыппұлдарды төлеу сияқты бірқатар мүмкіндіктер береді.

Айта кетейік, жаңа ереже 30 маусымнан бастап барлық өткізу бекеттерінде күшіне енді. Шұғыл жағдайларда — мысалы, туыстың ауыруы немесе қайтыс болуы секілді мән-жайлар туындаса, өтінімді 4 сағат ішінде рәсімдеуге болады. Ол үшін тиісті құжаттар қажет.

Қазіргі уақытта шекарадағы жағдай тұрақты бақылауда. Тиісті органдар ахуалды тұрақтандыру және кезекті қысқарту үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.


Рекомендовать
Последние новости