Ресейде "русофобтардың" елге кіруіне тыйым салатын заң жобасы әзірленді

Dalanews 20 авг. 2021 08:18 845

Ресейдің биліктегі "Единая Россия" партиясы "русофобтардың" елге кіруіне тыйым салатын заң жобасын әзірледі.

Бұл жөнінде Ресей мемлекеттік думасының депутаты, партияның бас кеңесі хатшысының орынбасары Александр Хинштейн өзінің телеграм-арнасында жазды.

Оның айтуынша, жобада мына категорияларға жатқызылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресей аумағына кіруіне тыйым салынады:

  • Ұлттық, нәсілдік, діни және тілдік негізде басқаларды қорлап, жұрттың ашу-ызасын туғызатындар;

  • Отан қорғаушылар туралы естеліктерді, ұлы отан соғысы ардагерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған, Ресейдің әскери даңқ символдарын мазақтаған, әскери зираттар мен ескерткіштерді бүлдірген адамдар;

  • СССР-дың ұлы отан соғысы кезіндегі әрекеті туралы көрінеу жалған ақпарат таратқандар;

  • Нацистік, экстремистік атрибут пен символдарды әзірлеп, насихаттап, оны көрсетіп жүретіндер;

  • Нацистердің қылмысын қолдайтындар.


Бұл жоба бойынша "Ресей Федерациясы аумағынан шығу және Ресей Федерациясы аумағына кіру туралы" федерация заңына өзгеріс енгізу көзделген. Депутаттың айтуынша, өкілетті орган ретінде Ресей ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдаған.

Депутат Хинштейннің айтуынша, мұндай заң жобасын әзірлеуге "постсоветтік кеңістіктегі ашық русофобиялық әрекеттер" себеп болған. Ол нақты қандай оқиғаны меңзейтінін таратып айтпады.

Мұндай заң болмаса да, Ресейдің ішкі істер министрлігі дүкендер мен мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруін тексеріп видео түсіріп жүрген Қазақстан азаматы Қуат Ахметовтің Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салды. Бұған қоса Бішкектегі сауда орталығында қырғызша сөйлемеген қызметкерді калькулятормен ұрған Қырғызстан азаматының Ресейге кіруіне он жылға шек қойылды.

Өткен аптада Ресей ішкі істер министрлігі "ұлт араздығын қоздыратын мәлімдеме жасағаны үшін" Әзербайжанның Беларусьтегі бұрынғы елшісі Исфандияр Вагабзаденің Ресейге кіруіне 40 жылға тыйым салды.

Вагабзаде KANAL13 телеарнасында постсоветтік елдердің аумақтық тұтастығына шәк келтіріп жиі мәлімдеме жасайтын Ресейдегі ЛДПР партиясының басшысы Владимир Жириновскийді "кәрі есек" деп атаған және оның "өзі де, ұлты да шошқа сияқты сасық" деген.


Хинштейннің айтуынша, Ресейге кіру құқығынан айырылатыны өз алдына, "русофоб мәлімдеме жасаған" әр адамның әрекетіне сол елдің билігі құқықтық баға беруі тиіс.

Ол сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен кездескенін, министрлердің тұрмыстық ұлтшылдыққа қарсы тұру туралы айтқанын еске салды.

Дереккөз: azattyq.org

 

https://dalanews.kz/sadak/66731-til-maydany-ultshyldyqty-qozdyrmayyq

Рекомендовать
Последние новости