Ауғанстан? Путин Байденге Орта Азиядан аулақ жүруді ескертті – WSJ

Dalanews 20 авг. 2021 10:38 932

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ әскерінің Орта Азия аумағында қандай да бір маневр жасауына қарсы деп хабарлайды Dalanews.kz Wall Street Journal басылымына сілтеп. 

16 маусымда Женевада Америка президенті Жо Байденмен жүздескен Путин Ақ үй басшысына Орта Азиядан аулақ жүруін ескерткен. 

Кремль көсемі АҚШ әскерінің Орта Азия аумағында орналасуына түбегейлі қарсы. 

“Соның кесірінен Американың Ауғанстанмен шектесетін елдерде ұшқышсыз ұшатын дрондар мен лаңкестікке қарсы өзге де күш құрылымдарын орналастыру мүмкіндігі шектеліп қалды”, – деп жазады Wall Street Journal. 

Женевадағы кездесуде Путин осы жайтты Байденнің құлағына құюға тырысқан әрі Қытайдың да осы позицияны құптайтынын жеткізген.

Орта Азияны қос қапталдан қысып отырған қос держава АҚШ-тай алпауыт елдің аталған аймақта әскер орналастыруын қауіп көреді. 


Басылымға пікір білдірген Ақ үй шенеунігі Женевадағы жүздесуде Байденнің бұл мәселені көтермегенін, мұны Путиннің өзі сөз еткенін айтады. 

Wall Street Journal-дың осыған қатысты сауалына жауап қатқан Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың Орта Азияға әскер орналастыруы аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпесіне сенімді. 

“Оның үстіне бұл Кремльдің мүддесіне қайшы. Ресейдің көңіліне келер еді. Ауғанстандағы ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан біздің бұл мәселеге байланысты позициямыз сол қалпында”, – дейді Ресей СІМ өкілі. 

Рекомендовать
Последние новости