Шымкентке "Vero Cell" вакцинасының 80 мың дозасы жеткізілді

Dalanews 20 авг. 2021 11:57 730

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев мәлім етті.

– Шымкент қаласында осы жылдың 17 тамызынан бастап «ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы №28 Қаулысына толықтыру енгізу туралы» 2021 жылғы 12 тамыздағы №35 Қаулысын басшылыққа алып белсенділігі жойылған немесе инактивирленген (Sinopharm-ҚХР) COVID-19-ға қарсы «Vero Cell» вакцинасын қолдану басталды.

Бұл – елімізде және біздің қалада да КВИ-ға қарсы қолданып отырған 5-вакцина. Яғни, үшінші мегаполиске «Vero Cell» вакцинасының 80 000 дозасы жеткізілді. Оның 40 000 дозасы 1-компонентке, ал 40 000 дозасы 2-компонентке арналған. Бүгінде аталған вакцинаның 40 мың дозасы ДСБ тарапынан барлық егу пунктіне таратылды. Бұл екпе 18 жастан асқан ересектерге арналған. Онда антибиотиктер мен консерванттар жоқ, – деді Әбдіманап Қошқарұлы.

Спикердің сөзінше, егер вакцинациядан кейін жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялар пайда болса, осы өнімді қайта пайдалануға тыйым салынады.

Айта кетейік, вакцинаны енгізуге қарсы көрсетілімдер:

1) Вакцинаның кез келген компонентіне (оның ішінде қосымша заттарға) аллергия;

2) Вакцинаға аллергиялық реакциялар (жедел аллергиялық реакция, ангионевроздық ісіну, ентігу);

3) Бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары, сондай-ақ анамнезінде Гийен-Барре синдромының болуы;

4) Жүктілік және лактация кезеңі мен 18 жасқа дейін жас ерекшелік болып есептеледі.

 

 

Рекомендовать
Последние новости