Режиссер Болат Атабаев өмірден озды

Dalanews 29 июл. 2021 04:53 949

Танымал режиссер, қоғам қайраткері, қазіргі жүйенің оппоненттерінің бірі Болат Атабаев өмірден өтті. 

Қаралы хабарды әлеуметтік желідегі марқұммен жақын араласқан қауым қалың жұртшылыққа жеткізді.

"Қазақ деп еңіреп, арпалысып, өмірі күреспен өтіп о дүниеге озды. Болат Атабаев ағамыз театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері, "Алға" саяси ұйымының мүшесі,  Жаңаөзен қырғыны үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған азамат мәңгілік мекеніне жол тартыпты. Иманыңыз саламат болсын! Соңғы жылдары Алманияда тұрды, білгендей биыл елімізге қайтып еді", – деп жазды қоғам белсендісі Ғабиден Жәкей.
"Болат аға екеуіміз оттан да, соттан да, түрмеден де бірге өттік. Жаңаөзенде әділдік үшін күрестік, сол үшін қуғындалдық та. “Столыпин” деп аталатын сотталғандарды таситын вагонда бірге жүрдік. Аузына қант салып, тәтті су беріп жанын алып қалған едік 2012 жылы…", – деп жазды оппозиционер Жанболат Мамай.

Бұдан бұрын Атабаевтың жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Марқұмның қарындасы режиссердің бүйрек ауруымен және қант диабетімен ауыратынын айтқан. Былтырғы режиссердің аяғының тізеден төменгі бөлігіне ампутация жасалған. Ол бірнеше күн ессіз күйде жатқан. Есін жиған соң бір мезет Facebook-та да шағын жазба қалдырған еді.

Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылдың 14 мамырында Алматы облысындағы Тентен ауылында өмірге келді.

2012 жылы «Ақсарай» театрының режиссері, қоғамдық белсенді Болат Атабаевқа Қазақстан билігі «әлеуметтік араздық туғызды» деген айып тақса, Германияның мәдениет институты оны мәдени қарым-қатынас саласындағы ерекше еңбегі үшін «Гете медалімен» марапаттады.

Режиссер Болат Атабаевтың азаматтық қоғам мәдениеті, билік жөнінде әр жылдардағы пікірлері жұртшылық назарын аударды. Ол «биліктің сөзі мен ісі алшақтап кеткенін» айтқан.

– Билікті тыңдасаң – сөздері жақсы, істеген ісіне қарасаң – құсқың келеді. Мұны көріп өскен жастар да екіжүзді, сұмпайы болады. Мұны ылғи айтамын да жүремін. Бірақ әлі де көп айту керек, шаршамау керек.

Сондықтан тынбай күресу керек – әйтпесе өмірге не үшін келіп, не үшін кеттім деймін, егер дені дұрыс қоғам құруға көмектеспесем? Сонда менің ұрпағым да итеңдеп қырық жыл жұмыс істеп, пара беріп, өтірік сөйлеп өмір сүру керек пе?


Сол үшін ешқайсымыз еш нәрсеге бейжай қарамауымыз керек, әрбір азамат белсенді болу керек. Бұл үшін заңды, жүйені өзгерту керек. Қоғамның мүшелері осыған атсалысуымыз керек, – деген еді режиссер Болат Атабаев Азаттық радиосына берген сұқбатында.

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости