"Құттықтаудың орнына көңіл айттық...". Қаза тапқан әскери прокурордың бүгін туған күні

Dalanews 27 авг. 2021 08:35 980

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған өрттен қаза болған Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры Арман Қапезов тірі болғанда бүгін туған күнін атап өтер еді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Алайда әріптестер құттықтаудың орнына бүгін көңіл айтып жатыр.

Бүгін Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған өрттің салдарынан төрт әскери қызметкердің қаза тапқаны белгілі болды. Достары, әріптестері марқұмдар жайлы жазбаларымен бөлісіп жатыр.

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған өрт туралы хабар жетісімен, оқиғаның нағыз ошағына алғашқылардың бірі болып жеткен ол адам шығынын болдырмас үшін жанталас кезінде өзі өлім құшты.

Ол өз ісімен бізге Отан алдындағы борышын өтеген, антқа адал нағыз прокурордың, офицердің үлгісі екенін танытып кетті.

Айналамызда борышын орындау үшін өз өмірін беруге дайын осындай адал жолдастар барда біз өз қызметімізді абыроймен атқара береміз, бізге одан басқа ештеңе керек емес, - деп жазады әріптестері Facebook-те.

...

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған өрттің салдарынан төрт әскери қызметкер қаза тапты.

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты, - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Төртінші марқұм әскери қызметкер - оңтүстік өңірдің әскери прокуроры, полковник Арман Қапезов.

Құзырлы ведомства мәліметінше, Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды.

Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты, деп нақтылады баспасөз қызметі.


Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шаралар қабылданатын болады.

26 тамызда Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Қорғаныс министрлігі 10-ға жуық жарылыс болғанын хабарлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына жарылысқа байланысты үндеу тастады.

Осы сәтте...


Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылысынан қаза болғандар көбейе бастады. Бұған дейінгі 4 адамның жарылыстан қаза болғаны хабарланған еді.

Жамбыл облысында жүрген Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлы:

- Жарылыс салдарынан өрт сөндіруші Елдос Сандыбаевтың қаза болғаны анықталды. Оның досы қазір осы жерде жүр. Ата-анасы үйіне жылап кетті, деп хабарлады.

Осы уақытта Қазақстан Қорғаныс министрлігі жарылыстан қаза болған басқа адамның аты-жөнін атап, мәлімдеме таратты.

- Өрт сөндіру командасының бастығы, келісім-шарт қызметінің старшинасы 1992 жылы туған Еркін Нәдірбеков өрт сөндіру кезіндегі жарылыс кезінде көз жұмды. Ол 27 тамыз күні таңертең хабарсыз кеткен әскери қызметшілер тізімінде болатын,-дейді Қорғаныс министрлігі.

Рекомендовать
Последние новости