"Перзент" балалар үйінің директоры Әмина Әжібаева тағы бір мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұл күндерді де өткізіп алдық. Құдайым бұйырса, үйді бастадық. Ешнәрсе қалмапты, бәрі күйіп кетіпті. Қазір жұмыс істегендерге ас жасап жатырмыз. 20 машина су кетті. Бүкіл қаланың төтенше жағдай қызметіне, Наурызбай ауданының өртсөндірушілеріне, полиция бөліміне, Қарасай ауданының жігіттеріне - баршаңа рақмет. Менің басыма түскен күн сендерге түспесін. Бұл - маған бір сынақ, мен 30 жыл сынақтың ішінде жүрген кісімін. 30 жылда не көрмедім?! Жертөледе де тұрдым. Бұл күндер де өтіп кетеді", - деді ол.
Әмина қажы ел ішіндегі қауесетке қатысты да пікір білдірді.
"Біз шот ашпадық. Неліктен? Қазір "ойбай, ана кемпір үйін өртеп тастапты" дегендер шығып жатыр. Неғыламын мен?! Керемет үйім тұрса. Сол өсек таратқандарға: Құдай жазаларыңды берсін, үйде отырған албасты қатындар. Менің ғана шотым шығады. Басқа еш жерге салмаңдар. Әкеліп өткіземін десеңдер, осында отырмын. Ешқандай қиналып жатқан жоқпыз. Ең үлкен берекетім - балаларым аман. Балаларым шығып үлгеріпті. Өрт моншадан кеткен. Лап ете түскен", - деді ол.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, 9 қарашада Алматыда балалар үйі өртенді. Балалар үйінің директоры Әмина Әжібаева осы оқыс оқиғаны пайдаланып, ақша жинамауды сұрады.
Сонымен қатар, ол мекеме әдейі өртеліп, жерді иелену мақсатында қасақана ұйымдастырылған деген болжамды жоққа шығарды.
