ҚазҰУ-дағы Қытайдың СБПУ филиалы жаңа технологияларға басымдық береді

Көркем Алдабергенова 27 февр. 2024 15:21 2211

Биыл құрылғанына 90 жыл толған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ғылыми-технологиялық және инновациялық әлеуеті бойынша Қазақстан университеттері арасында көшбасшы жоғары оқу орны.

ҚазҰУ – QS халықаралық рейтингінде Топ-230-дыққа кірген, QS Asia University Rankings бойынша Азиядағы үздік 30 жоғары оқу орнының қатарына қосылған еліміздегі жалғыз университет. 2022 жылы білім ордасына зерттеу мәртебесі берілді. Бұл университеттегі ғылымды жаңа бағытта дамытуға жол ашты.

Соңғы жылдары университет халықаралық байланыс аясын кеңейтіп, Түркияның Ыстамбұл, Қырғыз Республикасының Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты.

2022 жылы университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы іске қосылды.

2023 жылы ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Аталған филиал қызметі туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрзада Бейсенмен әңгімелескен едік.

- Нұрзада ханым, Қазақ ұлттық университетіндеСолтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Филиалдың ашылуына не себеп болды және бүгінгі күнде қандай мақсаттар мен міндеттер тұр? 

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына 2023 жылдың мамыр айында жасаған мемлекеттік сапары аясында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндеашу жөнінде келісім жасалған еді. Екі ел Президенттерінің қатысуымен өткен кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы мен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо ынтымақтастық орнату және филиал ашу туралы келісімге қол қойған болатын. Содан кейін осы сапар барысында ректор Жансейіт Қансейітұлы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ректоры Сун Баовэймен кездесіп, ынтымақтастықты арттыру және ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойды.

Осылайша аталған келісімдер негізінде 2023 жылдың 12 қазанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Ал2024 жылдың 16 қаңтарында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын құру туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығы шықты. Филиал ашудағы негізгі мақсат – студенттер және оқытушылар алмасу, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ зертханалар ашу және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, техникалық бағытта білікті мамандар даярлау.

Филиал ашылғанда оған түскен студенттер қандай пәндер бойынша емтихан тапсырды және оқуға қабылданған студенттер деңгейі  қандай? Оларға қандай пәндер бойынша дәрістер оқытылады?

– Жалпы, қазіргі таңда аталған филиалда 8 магистрант келесі үш қосдипломдық білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатыр: 7М07135 – Материалтану және инженерия (2 магистрант); 7М06203 – Электроника және коммуникациялық технологиялар (3 магистрант); 7М06116 – Компьютерлік ғылымдар және технологиялар (3 магистрант). Филиалдың алғашқы топ магистранттары жеке сұхбат нәтижесінде іріктеліп алынды. Үш мамандық бойынша Солтүстік-батыс политехникалық университетінен арнайы төрт адамнан тұратын комиссия құрылып, әрбір магистрантпен жеке-жеке сұхбат өткізілген болатын. Сұхбат негізгі екі бағытта жүргізілді: ағылшын тілі деңгейін анықтау бөлімі және профильдік пәнді меңгеру деңгейі бойынша. Сонымен қатар арнайы психологиялық сұрақтар қою арқылы, талапкерлердің ғылымға қызығушылығы, ынтасы бағаланды. Сұхбат нәтижесінде барлық критерийлерге сай болған, білім деңгейі өте жақсы магистранттар ғана филиалдың қосдипломдық білім беру бағдарламаларында оқуға қабылданды.

Филиал ашылып, магистранттар қабылданғаннан кейін, оқу процесі бойынша жұмыстар басталды. Жалпы, жасалған келісім бойынша, магистранттар алғашқы жылы ҚазҰУ-да білім алса, екінші жылы Қытайда СБПУ-де магистрлік диссертация тақырыбына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын болады. Жалпы, екі жылда магистранттар оқу жоспарына сәйкес, 122 кредитті меңгеріп шығады.

Жоғарыда филиалда үш мамандық оқытылады деп атап өттік. Солардың арасынан, мысалы, «Электроника және коммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша бірінші семестрде жеті пән оқытылады: Ғылым тарихы мен философиясы, Шетел тілі (қытай тілі), Жоғары мектептің педагогикасы, Қытайға қысқаша кіріспе, Телекоммуникациядағы информациялық-энтропиялық талдау, Озық сандық электроника және Сандық интегралды микросхемалар пәндері.Екінші семестрде магистранттар алты пән оқиды және педагогикалық практикадан өтеді. Алты пәннің екеуін (Интернет заттары және желілік технологиялар, Электронды жүйелердегі синхрондалу) ҚазҰУ, физика-техникалық факультетінің оқытушылары, төрт пәнді Қытайдың СБПУ профессорлары береді (олар: Жетілдірілген цифрлық коммуникациялар, Сымсыз байланыс желісінің технологиясы, Жасанды интеллект, Заманауи цифрлық сигналды өңдеу). Әрбір магистранттың екі тараптан ғылыми жетекшілері болады – ҚазҰУ-дан және СБПУ-дан. Екінші жылы СБПУ кампусына барған кезде осы ғылыми жетекшілердің қадағалауымен өз ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды. Білім беру ісінде жаңа технологияларға басымдық беріледі.

Филиалда қосдипломдық бағдарлама бойынша оқуды тамамдағанда студенттер қандай  мамандық алып шығады және қандай диплом алады? Бұл дипломмен қандай елдерде жұмыс істей алады?

– Филиал магистранттарына оқуды аяқтаған кезде олардың білім беру бағдарламалары бойынша техникалық ғылымдар магистрі деген дәреже беріледі. Қосдипломдық бағдарлама болғандықтан, магистранттар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Солтүстік-батыс политехникалық университетінің дипломдарын алып шығады. Ең алдымен, бұл бағдарлама бойынша білім алып шыққан магистрлер Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасында өз салаларында білікті маман ретінде сұранысқа ие болады. Жалпы, ҚазҰУ мен СБПУ дипломдары әлемдік стандартқа сәйкес келеді, сондықтан филиалды бітіріп шыққан магистранттар әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады деп сенімді түрде айтуға болады.

Филиалдың ғылыми бағыттағы жұмыстары туралы айта кетсеңіз.

– Қазіргі таңда филиалда жасанды интеллект, сандық электроника, материалтану және жасыл энергетикамен байланысты заманауи ғылымның басым бағыттары жүзеге асырылуда. Жақын арада физика-техникалық факультетінің магистранты мен оның ғылыми жетекшісі СБПУ-де ғылыми тағылымдамадан өтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар СБПУ ғалымдары мен физика-техникалық факультетінің ғалымдары материалтану және ғарыштық инженерия бағыттары бойынша бірлесіп ғылыми жоба орындау, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын рейтингтік журналдарға жариялау т.б. жұмыстарды жүзеге асыра бастады.

Филиалдың жұмысын жандандыру және оның тиімділігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Өздеріңіз білетіндей, жуырда ғана ҚазҰУ-ға СБПУ делегациясы келіп кеткен болатын. Делегация сапары барысында филиал жұмысын жандандыру мақсатында бірнеше аса маңызды ұсыныстар талқыланды. Атап айтар болсақ, ҚазҰУ-дың техникалық мамандықтарының бакалавр студенттеріне арналған жазғы мектеп пен тағылымдама ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы сапар барысында ҚазҰУ, СБПУ және Қытай ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандумға сәйкес, ҚазҰУ, СБПУ және ҚАКТА Big Data, жасанды интеллект технологиялары және басқа сандық технологиялар бойынша бірлесіп зерттеулер жүргізеді.

- СБПУ филиалына берілген ғимарат қай жерде орналасқан және ол қалай жабдықталған? Жалпы, оқу процесі барысында лабораториялық зерттеулер қосымша жүргізіле ме және қандай пәндер бойынша?

- СБПУ филиалы Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында орналасқан. Қазіргі таңда филиалда 6 аудитория, 1 конференц-зал, оқытушылар бөлмесі бар. Филиал қажетті құралдармен жабдықталған. Жоғарыда атап өткендей, магистранттар бірінші жылы ҚазҰУ-дағы филиалда барлық пәндерді теориялық меңгеріп, осы алған білімдерін екінші жылы Қытайда СБПУ-де ғылыми-зерттеу жұмыстарында тәжірибе жүзінде қолданатын болады.

- Әңгімеңізге рақмет! Филиал жұмысына табыс тілеймін! 

Сұхбаттасқан: Гүл Баяндина


Рекомендовать
Последние новости