ҚазҰТУ-ғы әсерлі әдеби-танымдық кеш

Dalanews 20 февр. 2015 10:30 1046

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің Ғылыми кітапхананың оқу залында, қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, туған елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгер Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі мен әсерлі әдеби-танымдық кеш болып өтті.

Осы ретте іс-шараның өтуіне Ақжан Машани атындағы Базалық білім беру институтының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Рәт Бердібаев ерекше белсенділік танытқанын айта кетуіміз керек. Кеш барысында шараны жоғары деңгейде өткізуге Ғылыми кітапхананың қызметкерлері мен А.Машани атындағы Базалық білім беру институты және қазақ тілі кафедрасының оқытушылары мен студенттері барын сала дайындалғанын байқадық. Кештің ашылуында Рәт Бердібаев сөз сөйлеп, тағылымды кешті өткізудегі басты мақсат тарихи оқиғаларды кейінгі ұрпаққа көркем сөзбен кестелеп жеткізген кемеңгер жазушының шығармаларын жастар арасына кеңінен насихаттау болғанын алға тартты. Өз кезегінде І.Есенберлинмен жүздесіп, көзін көрген ғалым, ақын Ұлықпан Сыдықов қаламгер жайындағы ойын ортаға салып, қысқаша естелік айтып берді. Ал қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Гүлбаршын Тұрсынқызы І.Есенберлиннің «Махаббат мейрамы», «Ғашықтар» романдарын жан-жақты талдап, көкейге тұнған ойын ортаға салды.

Кеш соңында ҚазҰТУ-дың Ғылыми кітапхана директоры Қапалхан Баймұханқызы студент жастарға қаламгердің шығармаларын кітапхана қорынан алып оқуға кеңес берді. «Кітапханамызда І.Есенберлин туындыларының электронды нұсқасы да сақтаулы тұр. Қаламгердің «Көшпенділер» романы жастардың бойына отансүйгіштік қасиетін дарытып, ұлтжанды азамт болып өсуіне ықпал ететіні анық. Өйткені біздер жас кезіміде осы әдеби туындылардан қуат алып, өсітік. Бүгінгі жастардың кітап оқып, рухани бай болғанын қалаймын», – деді Қапалхан Баймұханқызы ағынан жарылды.

Рекомендовать
Последние новости