Қазығұрт ауданында кеспе шығаратын зауыт жаңартылып жатыр

Dalanews 08 дек. 2018 06:12 857

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 2 га жер аумағында жылдам пісірілетін кеспе шығаратын зауыт өндірісін кеңейту бойынша ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды.




2018 жылдың қараша айында зауыттың бұрынғы иесі — қазақстандық кәсіпкер мен Непал елінің тұңғыш миллиардері Бинод Чоудхариге тиесілі «Chaudhary Group» (CG Global) корпорациясы арасында зауытты сатып алу туралы келісім жасалды. Мәміле аяқтағаннан кейін жаңа компания қажетті жабдықтарды орнатып, екінші өндірістік желіні салу жұмыстарына кірісті.

«CG Global» корпорациясының еншілес кәсіпорны «CG Foods Central Asia» компаниясы 2019 жылдың наурызында өндірісті іске қосып, жылына 1100 тонна өнім шығаруды жоспарлауда.


Кишор Лодха, «CG Foods Central Asia» компаниясының бас директоры:

«Түркістан облысында бастапқы кезде өнімнің 10 түрін шығаруды көздеп отырмыз. Барлық өндірістік технологиялар еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Зауыт жанынан тағы жаңа цех саламыз, онда кеспеге арналған арнайы дәмдеуіштер шығарылады».

Өнім дайындауда отандық шикізат: ұн, тұз, қант, сары май және басқа компоненттер қолданылады. 70% — жергілікті шикізат, 30% — Малайзия, Сингапур және Үндістаннан алынған шикізат. Кеспе 2019 жылдан бастап Орталық Азия елдеріне экспортталады.

«CG Global» корпорациясының иесі Бинод Чоудхари 2013 жылы Forbes тізіміне енген. Әлемнің 30-дан астам елінде 11 түрлі бағытта жұмыс істейтін 80 компаниясынан құралған (6 мың қызметкер) империяны құру үшін оған 40 жыл қажет болды. Бүгінде оның байлығы $ 1,5 млрд.құрайды.

 

Рекомендовать
Последние новости