"Қазақтың қолынан түк келмейді" дейтін Қажыгелдиннің пікірімен келіспейтінмін - Жақиянов

Dalanews 24 мая 2022 09:17 1046

"Демократиялық таңдау қозғалысы Президентке қарсы емес еді", – дейді сол жылдары Ғалымжанның жанында жүрген топ.

Олар басқарудағы қателікті көрді, стратегиялық кемшіліктерді аңғарды.

5 саяси реформаны жүргізуді алғаш ұсынған да Ғалымжан бастаған топ.

Бұл:

тәуелсіз сот, әкімдерді сайлау, тәуелсіз БАҚ (сөз бостандығы), парламенттің өкілетін кеңейту және таза әрі әділ сайлау.


Жақиянов мұны Президентке жеткізем деген сенімде болған. Сол кезгі Үкіметбасы Тоқаев айтқандай, Ғалымжандар Президент билігіне қарсы келген жоқ.

Ол «Голланд ауруын» анықтаған


1997 жылы Жақиянов Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігінің төрағасы боп тағайындалды.

«Осында отырғанда Жақиянов тым терең үңгіп кетті» деген сөз тегін болмаса керек. Агенттіктің тез таратылғаны да содан деседі.

«Ғалымжанның стратегиялық ресурстар саласындағы  кемшіліктерді анықтаған, билікке деген сын көзқарасы қалыптасқан тұс та осы кез» дейді. Осы қызметте отырған аз ғана уақыттың ішінде ол біраз дүниенің басын ашты.

Ол сол тұстары бюджет саясаты дұрыс жүргізілмейтінін айтқан алғашқы адам.

«Республика бюджеті мұнай бағасына тәуелді болмауы керек. Мұнай бағасы тұрақсыз. Осы себепті біз сыртқы факторға тәуелдіміз.

Ал ішкі фактордың рөлін арттыру үшін біз өз экономикамызды қалыптастыруымыз керек. Мұны отандық өндірушілердің есебінен жүзеге асыру қажет. Мұнайдан түскен қаржыны әлеуметтік саладан бұрын бизнеске бағыттайық. Қайтымы болады», – деді Ғалымжан.

Демократиясы дамымаған, халқы билікке ие болмаған елдерде қазба байлықтар билік басындағы топтың еншісіне тиіп, қалың бұқара оның қызығын көре алмайды. Мұнай-газ өндіруге ғана ұмтылған биліктің өндірістің басқа саласын дамытуға дәрмені жетпейді. Мұны «голландық ауру» деп атайды.

Агенттікте отырғанда Жақиянов  «голланд ауруының»  біздің елге де «жұққанын» дәлелдеп шығады. Мұның алдын алу жөнінде Президентке үндеу жолдайды.

Осы агенттікте отырғанда ол құны миллиардтаған доллар тұратын ірі өндірістердің жекешелендіру кезінде көк тиынға сатылғанын, тіпті кейбір тау-кен орындары мен мұнай кеніштері тегінге берілгенін (!) анықтаған екен.


«Еліміздің бірде-бір мүддесі ескерілмеген, не салық жағынан, не жұмысшының жалақысы, не жергілікті экология мен әлеуметтік мәселелер ескерілмей қол қойыла салған құжаттарды көріп, жағамызды ұстадық» дейді ол.

Міне, сол тұстары газет бетінде Жақияновты сынаған мақалалар шыға бастады. Агенттіктің тексеру жұмыстары біреулердің шамына тиген деседі… Жыл аяғына жетпей агенттік таратылды.

Қажыгелдинмен қайшы келген тұсы


Оның сол тұстағы Үкімет басшысы Қажыгелдинмен бір көзқарасы алшақ болатын.

Бүй дейді Жақиянов:

«Мына қазақтың боқмұрындарының қолынан түк келмейді. Одан да шетел менеджерлерін шақырғанымыз дұрыс» дегенімен келіспейтінмін. Сондағы ойым: «Байлығымызға өз жігіттеріміз ие болғаны дұрыс. Қателесер, бірақ түбінде үйренеді. Басқа елдерден біздің қай жеріміз кем деген ой еді».

«Біздің Премьер шетелден келген компанияларға, аферистерге, еліміздің небір байлығының есігін айқара ашып қойды. Фирманың аты ағылшынша жазылса болды. Үкіметтің ішінде «инвестор» шапанын бүркенгендер қаптады да кетті».

Оның реформаларын сынға алғандар болды. Біразы орындалмады.

Ғалымжан Үкіметке де, Президентке де «бұл мәселе тікелей әкімдердің ел ішінен сайлануына байланысты екенін» талай айтыпты.

Ол жергілікті атқарушы билік органдары сайланбалы болуы керек деген ұстанымды қорғады. Бұл жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейтудің жалғыз жолы.

Жақиянов Қазақстанда ауыл, аудан, қала әкімдерін халық тарапынан сайлауды ұсынған алғашқы адам.

– Жоғарыдан сайланған әкімді халық та қорғап қала алмайды. Өйткені оларды сайлаған сіз де, біз де емес. Нұсқаумен келген. Ал мұндай әкімдер абайлап, тіпті жалтақтап сөйлейді, – деді Жақиянов сол тұстары.

Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости